
Мойынқұм ауданында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және заң үстемдігі қағидатын кеңінен насихаттау мақсатында «Заң мен тәртіп – қауіпсіз Қазақстан үшін» атты аудандық форум ұйымдастырылды. Іс-шара Мойынқұм ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өтіп, Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғам арасында кеңінен дәріптеуге арналды.
Форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, құқық қорғау саласының қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар, ардагерлер, аналар кеңесінің мүшелері, білім беру мекемелерінің қызметкерлері, жастар және аудан тұрғындары қатысты.
Іс-шараны аудан әкімінің орынбасары Қуандық Төлеубеков ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру және құқық бұзушылықтың алдын алу – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Сонымен қатар, қазіргі таңда интернет алаяқтықтың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды күшейту, отбасы институтын нығайту және жастар арасында құқықтық сауаттылықты қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Форум барысында құқық қорғау және қоғамдық сала мамандары өз бағыттары бойынша баяндама жасап, тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелерге жан-жақты тоқталды.
Мойынқұм ауданы прокуратурасының прокуроры Бахыт Берікұлы Махмутов заңдылықты қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, заң талаптарын сақтау әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін айтты.
Мойынқұм аудандық полиция бөлімінің басшысы Алмас Садықбайұлы Көпбаев қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігі, интернет алаяқтық фактілерінің алдын алу және азаматтардың сақтық шараларын күшейту мәселелеріне кеңінен тоқталды. Сонымен қатар тұрғындарды күмәнді қоңыраулар мен интернет арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге алданып қалмауға шақырып, ақпараттық қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде нақты ұсыныстар берді.
«Отбасын қолдау орталығының» директоры Абдығали Расулұлы Абдразақов отбасы құндылықтарын нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік-психологиялық қолдау және дағдарыстық жағдайлардың алдын алу бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ғалия Шубаева қоғамдағы тәрбие институтының рөліне тоқталып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастар тәрбиесі, отбасыдағы өзара сыйластық пен жауапкершілікті нығайту мәселелері жөнінде ой-пікірін ортаға салды. Ол құқықтық мәдениетті қалыптастыру ең алдымен отбасы тәрбиесінен басталатынын атап өтті.
Форум аясында қатысушылар заңға құрмет көрсету, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықтық сауаттылықты арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу, жастар арасында құқықтық сананы қалыптастыру және қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін нығайту бағытындағы өзекті мәселелерді кеңінен талқылады. Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының өзара тиімді ынтымақтастығын күшейту қажеттігі айтылды.
Осындай мазмұнды кездесулер қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыруға, азаматтардың заң талаптарына деген жауапкершілігін күшейтуге және қауіпсіз қоғамдық орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Заңға құрмет пен қоғамдық тәртіпті сақтау – қауіпсіз, тұрақты әрі әділетті қоғамның басты кепілі.
Заңға құрмет – елге құрмет!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1270329?lang=ru

Жауап қалдыру