
Ақтауда тұрғындарды тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «МАЭК» ЖШС қарасты су каналын тереңдету жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасуда.
Жоба аясында ұзындығы 900 метр болатын канал арнасын лайдан тазарту жұмыстары толық аяқталды. Нәтижесінде арнадан 128 мың текше метр лай шығарылды.
Қазіргі уақытта теңіз акваториясында қоршау дамбасын орнату және топырақ қазу жұмыстары жүргізілуде. Жобаға сәйкес бұл учаскенің жалпы ұзындығы 1140 метрді құрайды. Бүгінгі күнге дейін оның 400 метрі орындалып, 22 мың текше метр топырақ қазылды, сондай-ақ 24 мың текше метр үйінді топырақ төселді.
Ақтау қалалық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әбіш Шұғаевтың айтуынша, жоба белгіленген жұмыс кестесіне сәйкес жүзеге асырылып жатыр.
– Бұл – Ақтау қаласының сумен жабдықтау жүйесін дамытуға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Жоба толық аяқталғаннан кейін су қабылдау жүйесінің тиімділігі артып, өңірдің ауыз су инфрақұрылымын одан әрі жақсартуға мүмкіндік береді, – деді Әбіш Шұғаев.
Айта кетейік, жобаны 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/1270971?lang=ru

Жауап қалдыру