Бірлескен комиссия құру және трансшекаралық суды есепке алуды цифрландыру: Түркістанда су қатынастары жөніндегі Қазақстан-Өзбекстан бірлескен жұмыс тобының 14-отырысы өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы су қатынастарының барлық бағыты бойынша екіжақты ынтымақтастықты тереңдету бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін бірлескен жұмыс тобының 14-отырысы өтті. Отырысқа Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев төрағалық етті. Сондай-ақ жиынға Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ералы Тоғжанов қатысты.

Тараптар екі ел үкіметтері арасындағы трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімнің ратификацияланғанын жоғары бағалап, келісімді іске асырудың тұрақты жұмыс істейтін тетігіне айналатын Қазақстан-Өзбекстан бірлескен комиссиясы туралы ереженің жобасын қарастырды.

Кездесуде су саласын цифрландыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Тараптар Сырдария өзені бассейніндегі гидробекеттерді автоматтандыру жобасының жүзеге асырылу барысын оң бағалап, бұл жүйені одан әрі кеңейтуге келісті.

Еске сала кетейік, қазіргі уақытта Қазақстан мен Өзбекстан халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен негізгі трансшекаралық су суайрығында орналасқан 10 гидробекетті автоматтандыру жобасын жүзеге асырып жатыр. Әр елдің аумағында бес-бестен орналасқан. Бұл жұмыстар су есебінің ашықтығын қамтамасыз етіп, деректерді онлайн режимде беруге және ақпарат алмасуға арналған бірыңғай деректер базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Бірлескен жұмыс тобының кезекті, 15-отырысын Өзбекстан Республикасында өткізуге келісті.

«Біздің ынтымақтастығымыздың екіжақты форматы су шаруашылығы саласындағы нақты мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік беретін тиімді әрі нәтижелі тетік ретінде өзін дәлелдеді. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімді екі тарап та ратификациялағанын ерекше атап өткім келеді. Бұл – бүгінгі күн тәртібінде тұрған мәселелерді қоса алғанда, алдағы жұмысымыз үшін жаңа құқықтық негіз жасайтын маңызды қадам», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/1270999?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді