Марат Сұлтанғазиев ауылдық округ әкімдерінің есебін тыңдады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Іле және Қарасай аудандарындағы ауылдық округ әкімдерімен жиын өткізді. Онда биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық барысы талқыланды. Сондай-ақ инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, жер және су ресурстарын тиімді пайдаланып, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері қаралды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Шара барысында ауылдық округ әкімдері атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндама жасады. Қазіргі таңда өңірдегі елдімекендерде инвестиция көлемін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Мәселен, Елтай ауылдық округінде жартыжылдық қорытындысы бойынша 51,7 млрд теңге инвестиция тартылып, 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бүгінде оның үшеуі іске қосылған. Нәтижесінде 2,3 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Негізгі жобалардың қатарында ірі өндірістік кешендер мен логистикалық орталықтар бар.

Ащыбұлақ ауылдық округінде инвестиция көлемі 22,8 млрд теңгеге жетті. Онда өнеркәсіп, сауда және қызмет көрсету салаларында бірқатар өндірістік және коммерциялық жоба іске қосылды.

Аграрлық сала мен мал шаруашылығын дамыту және су ресурстарын ұтымды пайдалану бағытына да ерекше көңіл бөлінуде. Мысалы, биыл Қараой ауылдық округінде 222,7 гектар жерге тамшылап суғару технологиясы енгізілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 86%-ға жоғары. Ал Райымбек ауылдық округінде су үнемдеу технологиялары қойылған жер көлемі 200 гектарға дейін ұлғайды. Шамалған округінде көрсеткіш 180 гектарға жеткен. Сондай-ақ бұл елдімекенде 1 542,9 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, ауыл шаруашылығы айналымына енгізілуде.

Мал саны да жылдан-жылға көбейіп келеді. Мәселен, Жамбыл ауылдық округінде ірі қара саны 3 196 басқа, ұсақ мал 2 188 басқа, жылқы саны 913-ке дейін артты.

Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша Жібек жолы ауылдық округінде қарқынды жұмыс жүргізілуде. Мұнда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында тоғыз кәсіпкерге жалпы құны 78,8 млн теңге жеңілдетілген несие берілген.

Жиында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Биыл Қараой ауылдық округінде «Келешек мектептері» жобасы аясында 900 орынды мектептің құрылысы аяқталды. Бұл елді мекендегі үш ауысымды оқыту мәселесін толық шешуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар 300 орынды жекеменшік зияткерлік мектеп ашылды.

Бүгінде Қаскелең қаласында аудандық көпбейінді орталық ауруханаға күрделі жөндеу жүргізілуде. Жоба құны – 4,2 млрд теңге. Нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал Әйтей ауылында 200 орынды мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде.

Жамбыл ауылдық округіне қарасты Ұлан ауылында күніне 50 емделушіні қабылдайтын дәрігерлік амбулатория құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.

Аймақ басшысы округтерде бірқатар бағыттар бойынша оң нәтижелер бар екенін, дегенмен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстардың қарқынын бәсеңдетпей, нақты нәтижеге жұмыс істеу қажеттігін айтты. Сонымен қатар инвестиция көлемін ұлғайту, ауыл шаруашылығы саласын ілгерілету, су ресурстарын тиімді пайдалану, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын жүйелі іске асыру барысын күшейтуді тапсырды.

Кеңес барысында Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық мәселесі кеңінен талқыланды.

«Сайлауды жоғары деңгейде өткізу әрбір ауылдық округ әкімінің үйлесімді әрі жауапты жұмысына тікелей байланысты. Әсіресе сайлаушылар тізімінің нақтылығына, сайлаудың заңнамалық талаптарға сай ұйымдастырылуына, тұрғындардың белсенді қатысуын қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажет», – деді Марат Елеусізұлы.

Жиын қорытындысында облыс әкімі сайлауға дайындық барысын жіті қадағалап, ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейтуді тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1271034?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді