Ербол Қарашөкеев Жамбыл ауданындағы бірқатар нысанды аралады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мемлекет басшысының өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Жамбыл ауданына жұмыс сапарымен барды.

Өңір басшысы білім, ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы, спорт және мәдениет салаларындағы маңызды жобалардың жүзеге асу барысын зерделеп, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.

Жұмыс сапары аудандық орталық кітапханада жаңадан ашылған №531 сайлау учаскесінің жұмысымен танысудан басталды. Аталған учаскеде 1229 сайлаушы тіркелген. Облыс әкімі сайлау учаскесінің материалдық-техникалық базасын қарап, азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау, қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз ету және ұйымдастыру жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізу қажеттігін атап өтті.

Одан кейін облыс әкімі Тоғызтарау ауылына барып, Т.Тоқтаров атындағы орта мектепке салынып жатқан жапсарлас ғимараттың құрылыс барысын тексерді. Өңір басшысы құрылыс сапасына ерекше назар аударып, жұмысты белгіленген мерзімнен кешіктірмей аяқтауды тапсырды.

Сапар барысында облыс әкімі осы ауылда «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында көктемде отырғызылған ағаш көшеттерінің жай-күйімен танысты. Жалпы аумағы 1,2 гектарды құрайтын жасыл аймақтағы көшеттердің күтімі мен суару жүйесінің тиімділігіне мән беріп, аудан әкімдігіне ағаштардың жерсіну көрсеткішін тұрақты бақылауда ұстауды, күтіп-баптау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Өрнек ауылында облыс әкімі «Айтақ» және «Төменгі Айтақ» каналдарын қайта жаңғырту жобасының жүзеге асу барысын зерделеді. Жобаның жалпы құны – 2,053 млрд теңге. Қаржыландыру Еуропалық қайта құру және даму банкінің несие қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың ақпанында басталып, 2028 жылдың шілдесінде аяқталады деп жоспарланған. Жоба аясында магистралдық және ішкі шаруашылық каналдарының бір бөлігі бетонмен қапталып, су өткізу мүмкіндігі айтарлықтай артады. Нәтижесінде 4 630 гектардан астам суармалы жердің сумен қамтылуы жақсарады.

Облыс әкімі су ресурстарын тиімді пайдалану бүгінде аса маңызды мәселе екенін айтып, құрылыс жұмыстарын белгіленген кестеге сай жүргізуді, сапаны қатаң бақылауды және суды үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуді тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/1271043?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді