
Алматы қаласында алкогольдік масаң күйде жасалатын қылмыстардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Полиция қызметкерлері алкоголь өнімдерін сататын сауда орындарының иелерімен және сатушыларымен түсіндіру кездесулерін өткізіп, қолданыстағы заңнама талаптарын және оларды бұзғаны үшін көзделген жауапкершілікті түсіндіруде.
Кезекті профилактикалық іс-шараны Алматы қаласы Полиция департаментінің Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының қызметкерлері Алмалы аудандық полиция басқармасымен бірлесіп өткізді. Кездесу барысында алкоголь өнімдерін өткізу қағидаларын сақтау және заң бұзушылықтарға жол бермеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Полицияның мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері Алматы қаласында алкогольдік масаң күйде 224 қылмыс жасалған. Оның ішінде 97 ауыр дене жарақатын салу дерегі тіркелген.
«Мас күйінде жасалған әрбір қылмыс – адам тағдырына әсер ететін қайғылы оқиға. Біздің міндетіміз – тек салдарымен күресу емес, ең алдымен оның алдын алу. Сондықтан алкоголь өнімдерін сататын сауда субъектілерімен жүргізілетін профилактикалық жұмыс полиция қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып қала береді», – деді Алматы қаласы ПД Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы Жандос Кавлиев.
Алматы қаласының полициясы азаматтарды алкогольді тұтынуға жауапкершілікпен қарауға, оның салдарын естен шығармауға және құқық бұзушылықтарға, қайғылы жағдайларға әрі адам тағдырына орны толмас зардап әкелуі мүмкін әрекеттерге жол бермеуге шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-almaty/press/news/details/1271045?lang=ru

Жауап қалдыру