НҰРЛАН ӘБДІРОВ: АЗАМАТТАРДЫҢ ДАУЫС БЕРУІНЕ ЖӘРДЕМДЕСУ ҮШІН ОНЛАЙН-СЕРВИСТЕРДІҢ ҮЗДІКСІЗ ЖҰМЫС ЖАСАУЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МАҢЫЗДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

5-7 тамыз аралығында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіровтің басшылығымен Орталық сайлау комиссиясының делегациясы Шымкент қаласы мен Түркістан облысына инспекциялық сапармен барды.

Ортсайлауком Төрағасына қазіргі уақытта Шымкент қаласында сайлаушылармен кездесулер өткізу үшін 10 орын дайындалғаны туралы баяндалды. Сонымен қатар, саяси партияларға үгіт материалдарын 57 ақпараттық стендте орналастыру мүмкіндігі берілген.

ОСК Төрағасы өңірдегі сайлау учаскелерінің мүгедектігі бар адамдардың келуі үшін дайындық мәселесін мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының мүшелерімен талқылады. Осы күндері аталған жұмыс тобының мүшелері сайлау комиссияларының мүшелерімен бірлесіп, мүгедектігі бар қазақстандықтардың дауыс беруіне қажетті барлық жағдайлардың жасалуын және сайлау учаскелерінің қажетті құралдармен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізуде.

Нұрлан Әбдіров сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастырған Құрылтай депутаттарының сайлауын дайындау және өткізу мәселелеріне арналған оқыту семинарларының қатысушылары алдында сөз сөйледі. Мұндай семинарлардың негізгі мақсаты аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелерінің сайлауды ұйымдастыру және өткізу, сайлау процесін құқықтық қамтамасыз ету, сондай-ақ учаскелік сайлау комиссияларының қызметін тиімді ұйымдастыру салаларындағы кәсіби құзыреттерін жетілдіру екені атап өтілді.

Сондай-ақ, инспекциялық сапар аясында ОСК Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман Шымкент қаласының Абай, Әл-Фараби Еңбекші, Тұран аудандарында болып, бірқатар сайлау учаскелерінің жұмысымен танысты.

ОСК Төрағасының жұмыс сапары келесі күні Түркістан облысының шалғайда орналасқан Отырар ауданы, Шәмші Қалдаяқов  ауылындағы №498 сайлау учаскесінде басталды. Сонымен қатар, Нұрлан Әбдіров Кентау және Түркістан қалаларындағы сайлау учаскелерінде болып, олардың дайындық деңгейімен, материалдық-техникалық жарақтандырылуымен танысты. Сондай-ақ, комиссия мүшелерімен ауыл тұрғындарын алдағы сайлау туралы хабардар ету және дауыс беру мүмкіндіктерін түсіндіру жұмыстарының барысын талқылады. Бұдан бөлек, ол сайлаушылар үшін, әсіресе қарт адамдар мен мүгедектігі бар азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударуды тапсырды.

Түркістан қаласындағы №951 сайлау учаскесіне барған Нұрлан Әбдіров дауыс беру күні азаматтардың сайлау құқықтарын жүзеге асыруына жәрдемдесу үшін жұмыс істейтін онлайн-сервистердің дайындығын тексерді.

«Сайлау күні сайлау учаскелерінде бірқатар онлайн-сервистер жұмыс істейтін болады. Біріншісі учаскелік сайлау комиссиясының мүшелеріне азаматтың тіркелген мекенжайын тексеруге мүмкіндік береді. Бұл оны сайлаушылар тізіміне енгізу үшін қажет. Бұл ретте азамат міндетті түрде тиісті өтініш беруі тиіс. Екіншісі – тіркеуі жоқ азаматтарға сайлау учаскесінің мекенжайы бойынша уақытша тіркеуге тұруға мүмкіндік береді. Осы екі сервис те қазақстандықтардың өз сайлау құқықтарын жүзеге асыруына жәрдемдесу үшін маңызды. Біздің ортақ міндетіміз – осы сервистердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету», – деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

Түркістан облысында сондай-ақ сайлау комиссиясының мүшелеріне арналған оқыту семинары өтті. Семинарға қатысушылар сайлау заңнамасы нормалары және оларды қолдану практикасы, сайлау процесінің барлық кезеңдерінде учаскелік сайлау комиссиясының жұмысын ұйымдастыру тәртібі, дауыс беру күні өткізілетін рәсімдер мен сайлау құжаттарын ресімдеу қағидалары бойынша білімдерін жаңартуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, сайлау комиссияларының мүшелері тиімді коммуникация және күйзеліске төзімділік қағидаттарын сақтай отырып, күрделі және даулы жағдайларда әрекет ету алгоритмдерін зерделеп, талқылады.

Шымкент және Түркістан қалаларында Нұрлан Әбдіров қала мен облыс басшылығының қатысуымен жиналыстар өткізіп, онда 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарын сайлауда аталған өңірлердің дайындығы мәселелері талқыланды. Жиын барысында халықты сайлау туралы ақпараттандыру, дауыс беруге арналған есептен шығару куәлігін алу тәртібі, өз сайлау учаскесін табу, үйден дауыс беру мүмкіндігі, call-орталықтардың жұмысы және басқа да өзекті мәселелерге ерекше назар аударылды.

Нұрлан Әбдіровтің екі өңірдегі учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерімен кездесулеріне, сондай-ақ семинарлар мен мемлекеттік органдармен жиналыстарда ЕҚЫҰ ДИАҚБ Байқаушылар миссиясының бірқатар халықаралық байқаушылары да қатысты. Олар өз тараптарынан сұрақтар қойып, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерімен пікір алмасты, сайлауды ұйымдастыру барысымен танысты.

Құрылтай сайлауын өткізу барысында Шымкент қаласында 2 881 мүшесі бар 371 сайлау комиссиясы, Түркістан облысында 6 290 мүшесі бар 952 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс жасайды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/election/press/news/details/1271205?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді