
Қарағанды облысында ауқымды егін жинау науқаны қыркүйек айының басында басталады. Диқандар шамамен 1 миллион гектар астықты дақыл жинап алуы тиіс. Өңірде ауыл шаруашылығы техникаларын науқанға дайындау жұмыстары аяқталуға жақын, жанар-жағармай қоры жасақталуда, ал астық қабылдау кәсіпорындары жаңа өнімді қабылдауға әзірленуде.

Егін жинау науқанына дайындық барысы туралы Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде айтып берді.

Биыл астықты дақылдардың негізгі бөлігі – шамамен 760 мың гектар – бидайға тиесілі. Сонымен қатар арпа, сұлы және майлы дақылдар жиналады. Сондай-ақ шаруалар 16 мың гектар алқаптан картоп, 2 мың гектардан көкөніс жинауды жоспарлап отыр.

– Қалыптасқан күрделі ауа райы жағдайына қарамастан, егістіктің басым бөлігі жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Қазір аграршылардың алдында тұрған басты міндет – егін жинау науқанын уақтылы әрі сапалы өткізу. Маусымның қорытынды нәтижесі көп жағдайда осыған байланысты болады, – деді Сырым Бошпанов.
Өңірде егін жинау жұмыстарына шамамен 2 мың комбайн және 9 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы дайындалды. Басқарманың мәліметінше, техникаларды дайындау жұмыстары аяқталуға жақын.
Шаруашылықтарды дизель отынымен қамтамасыз ету де маңызды мәселе болып отыр. Биыл облыстың егін жинау науқанына 19,3 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді.
Биыл аграршыларды мемлекеттік қолдау шаралары да кеңейтілді. Атап айтқанда, «Кең дала» және «Кең дала 2» бағдарламалары аясында «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 265 шаруашылық қаржыландырылды. Ал тағы 315 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның қаржылай қолдауының арқасында 705 бірлік техника сатып алды.

Сонымен қатар жиналған өнімді сақтайтын орындардың жеткілікті болуын да қамтамасыз ету қажет. Облыста жалпы сыйымдылығы 1,438 млн тоннаны құрайтын астық қоймалары бар. Картоп пен көкөністі сақтауға жалпы сыйымдылығы 350 мың тоннадан асатын 143 қойма қарастырылған.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта егін жинау науқанына дайындықтың барлық негізгі мәселесі бақылауда. Техниканың егістік алқаптарға жаппай шығуы қыркүйек айының басында күтіледі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1271208?lang=ru

Жауап қалдыру