АПАТТЫ ҮЙДІҢ ОРНЫНА ЖАҢА БАСПАНАЛАР БЕРІЛДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
АПАТТЫ ҮЙДІҢ ОРНЫНА ЖАҢА БАСПАНАЛАР БЕРІЛДІ
 
Жетісай қаласында жылдар бойы тұрғындарды алаңдатып келген апатты үйлер мәселесін шешу бағытындағы маңызды жұмыстардың бірі өз нәтижесін берді. Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов М.Әуезов көшесіндегі реновация бағдарламасына ұсынылған №27 және №29 тұрғын үйлердің тұрғындарына жаңа пәтерлердің кілтін табыстады.
 
Жарты ғасырдан астам тарихы бар қос қабатты бұл үйлер 1954–1957 жылдары салынған. Көп жылдар бойы күрделі жөндеу көрмеген тұрғын үйлер соңғы жылдары әбден тозып, апатты жағдайға жеткен. Ғимараттардың қабырғалары жарылып, сылақтары түскен, шатырлары мен едендері жарамсыз күйге түскен. Мұнда тұратын 16 отбасының қауіпсіздігі мәселесі күн тәртібіне шыққан болатын.
 
Тұрғындардың жағдайын жан-жақты зерделеген аудан басшылығы мен аудандық мәслихат депутаттары мәселені шешудің нақты жолдарын қарастырып, нәтижесінде апатты үйлердің тұрғындарын жаңа баспанамен қамтамасыз ету туралы шешім қабылдады.
 
Өткен жылы жаңа тұрғын үйдің құрылысы басталып, құрылыс жұмыстары жүргізілген кезеңде тұрғындар уақытша жалдамалы пәтерлерге орналастырылды. Олардың жалдау ақысы мемлекет есебінен төленді. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталып, 16 отбасы үшін жаңа әрі жайлы пәтерлердің есігі айқара ашылды.
 
Жаңа баспана кілтін табыстау рәсіміне аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, аудан ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.
Салтанатты шарада аудан әкімі Серік Үсенұлы тұрғындарды қуанышты оқиғамен құттықтап, бұл жұмыстардың басты мақсаты – азаматтардың қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруіне жағдай жасау екенін атап өтті.
 
«Біз өздеріңізбен ақылдаса отырып, бұл мәселені оңтайлы шешудің жолдарын қарастырдық. Өткен жылы жаңа тұрғын үйдің құрылысын бастадық. Бүгін, міне, көптен күткен қуанышты сәтке бірге жетіп, жаңа пәтерлердің кілтін табыстап отырмыз. Жаңа баспаналарыңыз құтты болсын! Әр шаңыраққа береке, бақ-дәулет тілеймін! Бұл үйлерде балалардың күлкісі естіліп, әр отбасының тұрмысы жақсара берсін» деді аудан әкімі.
 
Жаңа баспанаға ие болған тұрғындар да қуаныштарын жасыра алмады. Бірнеше жыл бойы апатты үйдің мәселесін арқалап келген отбасылар үшін бұл күн – көптен күткен арманның орындалған сәті.
 
Жетісай ауданында тұрғын үй мәселесін шешу бағытындағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. Мәселен, 2022 жылы ауданда 14 208 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, өткен жылдың қорытындысымен бұл көрсеткіш 2,1 есеге артып, тұрғын үй кезегінде тұрған 240 азамат баспаналы болған.
 
Бүгінде 50 мыңға жуық тұрғыны бар Жетісай қаласында 133 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оларда 1500-ге жуық азамат тұрады. Қаланың тұрғын үй қорын жаңарту, көппәтерлі үйлердің жағдайын жақсарту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
 
Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кондоминиум нысандарын жаңғыртуға қатысты бірқатар мәселе шешімін табуда. Қазіргі таңда мемлекеттік актісі алынған 71 көппәтерлі тұрғын үйдің 44-іне оң қорытынды берілген. Сонымен қатар, 18 үйге жерге орналастыру жобасы әзірленген.
 
Алдағы уақытта тиісті талаптарға сәйкес аудан орталығындағы көппәтерлі тұрғын үйлерді кезең-кезеңімен күрделі жөндеуден өткізу көзделіп отыр.
 
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1271369?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді