
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман Жамбыл облысына инспекциялық сапары барысында өңірдегі сайлауға дайындық барысымен танысып, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының жұмысын пысықтады.
Сапар барысында сайлау учаскелерінің қызметін ұйымдастыру, комиссия мүшелерін оқыту, учаскелердің материалдық-техникалық жарақтандырылуы, жаңадан құрылған сайлау учаскелерінің жұмысы, цифрлық технологияларды пайдалану және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Инспекциялық сапар №58 сайлау учаскесінің жұмысымен танысудан басталды. Онда сайлаушылар үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету, сайлау рәсімдерін қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өткізу және комиссия мүшелерінің өз міндеттерін сапалы орындауға дайындығы туралы ақпарат ұсынылды.
Мұхтар Ерман өңір басшылығымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевпен кездесуде сайлау комиссиялары мен жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылына, сайлау учаскелерінің үздіксіз жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге, сондай-ақ сайлау процесін ұйымдастыру кезінде заңнама талаптарының мүлтіксіз сақталуына ерекше назар аударылды.
Сайлауды ұйымдастыруға жауапты барлық тараптардың үйлесімді жұмысы сайлау процесінің сапалы әрі тиімді өтуінің маңызды шарты екені атап өтілді.
ОСК Төрағасының орынбасарының өңірге сапары аясында Құрылтай депутаттарын сайлауды ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша құқық қорғау, жергілікті атқарушы және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерімен кеңес өтті.
Өңірде сайлау науқанына дайындық сайлау заңнамасының талаптары мен күнтізбелік жоспарға сәйкес жүргізілуде. Сайлауды өткізуге қажетті барлық сайлау инфрақұрылымы дайын.
Алдағы сайлауды өткізуге 532 сайлау комиссиясы жұмылдырылады, олардың құрамында 3 702 комиссия мүшесі жұмыс істейді. Оның ішінде комиссия мүшелерінің 92,4%-ы сайлау жүйесінде жұмыс тәжірибесі бар.
Кеңесте сайлау науқанын ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары туралы да талқыланды. Бұл жұмыстар бекітілген күнтізбелік жоспарларға сәйкес жүзеге асырылуда. Өңірдегі сайлау учаскелерінің шекаралары, комиссиялардың орналасқан жерлері, үгіт жүргізу орындары және саяси партиялардың сайлаушылармен кездесулерінің кестесі туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында, сайлау комиссиялары мен жергілікті атқарушы органдардың ресми интернет-ресурстарында жарияланды. 7 тамыздан бастап азаматтарға өздері туралы деректермен танысуға және өз сайлау учаскесін анықтауға мүмкіндік берілді. Сонымен қатар сайлаушыларға есептен шығару куәліктерін беру жұмыстары басталды.
Сайлау күні сайлау учаскелерінде «Электрондық үкімет» порталы арқылы онлайн-сервистер іске қосылады. Тіркеуді тексеру сервисі 328 сайлау учаскесінде, ал уақытша тіркеу сервисі 15 сайлау учаскесінде қолжетімді болады. Барлық сайлау учаскелері белгіленген талаптарға сәйкес жабдықталуы тиіс. Атап айтқанда, мүгедектігі бар азаматтардың сайлау учаскелеріне және дауыс беру кабиналарына кедергісіз кіруі мен дауыс беруі үшін қажетті жағдайлар жасалуы, сондай-ақ Брайль қаріпті трафареттерді пайдалану мүмкіндігі қамтамасыз етілуі қажет.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/election/press/news/details/1271833?lang=ru

Жауап қалдыру