
Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында 15 тамыз күні қазақ күресінен мерейтойлық XV Qazaqstan Barysy-2026 супертурнирі өтеді. Боз кілемде еліміздің барлық өңірінен іріктелген 40 палуан белдеседі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Турнирдің басты тартысы – әр жылдары алтын белбеу иегері атанған үш чемпионның кездесуі болмақ.
Кілемге 2017 жылғы жеңімпаз Еламан Ерғалиев, 2021 жылғы чемпион Дәурен Нұралинов және 2023 жылғы бас жүлде иегері Ғалымжан Қырықбай шығады. Олардың қатысуы биылғы жарыстың мәртебесін арттырып, турнир тарихындағы ең тартысты додалардың біріне айналдырады.
Дәурен Нұралинов пен Ғалымжан Қырықбай үшін бұл турнир 2021 жылғы финалдан кейінгі текетірестің жалғасына айналуы мүмкін.
Ал Еламан Ерғалиев бұл жарысқа жеңісінен тоғыз жыл өткен соң қайта оралды.
Қайсар Шәмшидинов – 100 келіден жоғары салмақтағы 2025 жылғы Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері әрі «Түркістан Барысы-2026» турнирінің жеңімпазы. Ол да биылғы доданың басты фавориттерінің бірі.
Нұрдәулет Жарылғапов – Qazaqstan Barysy турнирінің үш дүркін жүлдегері, жанкүйерлерге «Қара бура» атымен танылған палуан әрі 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы.
Саят Шәмшиев – Qazaqstan Barysy-2024 турнирінің қола жүлдегері.
Олжас Шынкеев – Қазақстан чемпионы әрі халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Ол спорттық карьерасын ішкі істер органдарындағы қызметімен қатар алып жүр.
Отан қорғаушылар намысын «Әскер Барысы-2026» турнирінде бірінші және екінші орын алған Айдар Бескемпір мен Әділ Оразбаев қорғайды. Айдар Бескемпір – Азия кубогының жеңімпазы әрі Азия чемпионатының жүлдегері.
Сонымен қатар, турнирге өз өңірінде іріктеуден өткен палуандар да бақ сынайды.
Qazaqstan Barysy-2026 супертурнирі жылдың ең жарқын спорттық оқиғасы саналады. Жанкүйерлерді тартысты белдесулер, түрлі буын чемпиондарының әдіс-айла қолдану тәсілдері мен жеңіске деген жігерлі сәттер күтеді.
Биылғы барыс әрі «Тайтұяқ» ауыспалы кубогының иегері 15 тамызда Qazaqstan Barysy супертурнирінде белгілі болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1271854?lang=ru

Жауап қалдыру