
Астанада қала әкімдігінің алдындағы амфитеатрда «Сарыарқадан соққан жел – Абай лебі» атты әдеби-сазды кеш өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Абайтану» ашық микрофоны аясында іс-шараға жиналған қонақтар арасында Абай өлеңдерін бейнекамераға жатқа оқудан жарыс ұйымдастыру, «Тоғыз құмалақ» пен «Асық ату» сияқты ұлттық ойындардан турнир, Арт-пленэр сайысында Абайдың портретін немесе Шыңғыстау көріністерінің көпшілік алдында суретін салу сияқты байқаулар ұйымдастырылды.
Сондай-ақ әдеби-сазды кеш аясында театр актерлерінің орындауында Абай өлеңдері оқылып, әндері шырқалып, қойылымдар көрсетілді.
«Хакім Абай – қазақ ұлтының кемеңгер ойшылы. Ол – ұлтымыздың атын әлемге мәшһүр еткен ұлы тұлға. Біз бүгінгі ұрпақ данышпанның мұраларын ұмытпай, ғылыми тұрғыдан зерделеп, пәлсапалық ойларын ұшпаққа шығаруға тиіспіз. Абайдың шығармашылығына терең бойлаған сайын, рухани әлемге еніп, дүниеге басқаша көзбен қарай бастайсыз. Сондықтан оның өлеңдерін оқып қана қоймай, жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде жас ұрпақты тәрбиелеуге, адамзатты ізге жолға үндеуге негіз бола береді деген сенімдеміз», – деді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Нұрбек Кеңесбай.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1271906?lang=ru

Жауап қалдыру