
Ақтөбе облысында білім беру ұйымдарының жаңа 2026–2027 оқу жылына дайындығы облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде талқыланды.
Білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева мәлімдегендей, жаңа оқу жылында облыс мектептерінде 194 мыңнан астам оқушы білім алады. Бірінші сыныпқа 20 234 баланы қабылдау жоспарлануда. Бүгінде 17 413 бала құжат тапсырған. Құжаттарды қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады.
Қазіргі таңда облыста 7 120 орынға арналған 15 мектеп, сондай-ақ IT-хаб пен арнайы балабақша салынуда. Оқу жылы басталғанға дейін жалпы сыйымдылығы 5 030 орын болатын 7 жаңа мектепті ашу және №8 орта мектеп пен Д. Қонаев атындағы мектеп-гимназияға қосымша ғимараттардың құрылысын аяқтау жоспарланған.
Ақтөбе қаласында үш мектеп – Алтын Орда шағын ауданында, Оңтүстік-Батыс-2 және Шилісай-1 тұрғын алаптарында ашылады. Тағы төрт мектеп Мұғалжар ауданының Ащысай ауылында, Темір ауданының Кеңқияқ және Шұбарқұдық ауылдарында, сондай-ақ Мәртөк ауданының Кеңсахара ауылында ашылады.
«Бүгінде облыс мектептерінде 396 педагог жетіспейді. Мұндай қажеттілік барлық аудандарда және Ақтөбе қаласында бар. Биыл жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтарын 1 362 түлек, колледждерді 605 түлек бітірді. Олардың ішінде 31 түлек грант бойынша білім алған – олар математика, физика, химия және бастауыш сынып мұғалімдері. Олар облыс мектептеріне жұмысқа орналасады. Қалған түлектер үшін 10-14 тамыз аралығында бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Онда олар өзекті ұсыныстармен және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерімен таныса алады. Жәрмеңкелер аудандарда және облыс орталығында өтеді», – деді Бұлбұл Күзембаева.
Білім басқармасы басшысының айтуынша, облыста 10 білім беру ұйымында күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Оған 3,2 млрд теңге бөлінген.
31 мектеп үшін химия, физика, биология, STEM және робототехника пәндеріне арналған 60 заманауи кабинет 556 млн теңгеге сатып алынуда. Оқулықтар сатып алуға 1,2 млрд теңге бөлінді.
Жаңа оқу жылында 16 мыңнан астам бала әлеуметтік көмек алады. Бұл мақсатқа 816,9 млн теңге қарастырылған. Сонымен қатар 5 мыңнан астам бала демеушілердің қолдауымен өтетін «Мектепке жол» акциясы аясында көмек алады.
Басқарма басшысы ауыл мектептерін сақтап қалу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Былтыр 115 отбасы қаладан 61 ауылдық елді мекенге қоныс аударып, баспанамен қамтылды, шаруашылық жүргізуге көмек алып, жұмысқа орналасуына қолдау көрсетілді. Нәтижесінде ауыл мектептеріндегі оқушылар саны 244 балаға артқан.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі барлық құрылыс және жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Балалардың қауіпсіздігі, өрт және санитариялық қауіпсіздік талаптарының бұзылуын жою, мектептерді педагогтер, оқулықтар және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге қатаң назар аударуды тапсырды.
Сондай-ақ облыс әкімі мектеп асханаларының дайындығын қамтамасыз етуді, балаларды тасымалдауды ұйымдастыру және білім беру ұйымдарын жылыту маусымына дайындау қажеттігін еске салды.
«1 қыркүйекке дейін білім беру ұйымдарындағы барлық құрылыс және жөндеу жұмыстары толық аяқталуы тиіс. Өрт және санитариялық қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету қажет. Білім басқармасына, аудандық және қалалық әкімдіктерге әрбір білім беру ұйымының дайындығын күнделікті бақылауға алуды тапсырамын. Туындаған барлық мәселені соңғы сәтке қалдырмай, жедел шешу қажет. Мектептерді педагог кадрлармен, оқулықтармен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге, мектеп асханаларының дайындығына, балаларды тасымалдауды ұйымдастыруға және нысандарды жылыту маусымына дайындауға қатаң назар аудару қажет. Білім беру ұйымдарының дайындығы сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс», – деп атап өтті Асхат Шахаров.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1271931?lang=ru

Жауап қалдыру