
МӘЛІМЕТ САҒАТЫ – “Неліктен аурудың болуы әрдайым мүгедектікті белгілеуге негіз бола бермейді?” туралы.
Серикбаева Нургуль Курбанбековна – Медициналық-әлеуметтік сараптаманың әдіснама және бақылау бөлімінің бас маманы.
Көпшілік арасында «егер адамда ауру анықталса, оған міндетті түрде мүгедектік белгіленуі керек» деген түсінік қалыптасқан. Алайда бұл пікір қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес келмейді.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, мүгедектік диагноздың болуына қарай емес, ауру салдарынан ағза қызметтерінің тұрақты бұзылуы мен оның адамның тіршілік әрекетіне әсер ету дәрежесіне қарай белгіленеді.
Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу кезінде азаматтың тек диагнозы ғана емес, оның:
өзіне-өзі қызмет көрсету мүмкіндігі;
өз бетінше қозғалу қабілеті;
еңбек ету немесе оқу мүмкіндігі;
қарым-қатынас жасау қабілеті;
кеңістікте бағдарлануы және басқа да өмірлік маңызды функциялары кешенді түрде бағаланады.
Бірдей диагноз қойылған екі адамның денсаулық жағдайы әртүрлі болуы мүмкін. Бірі толыққанды еңбек етіп, күнделікті өмірін еш қиындықсыз жалғастырса, екіншісінде ауру ағза қызметінің айқын бұзылысына әкеліп, тіршілік әрекетін едәуір шектеуі ықтимал. Сондықтан медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындысы әрбір азаматтың жағдайына жеке жүргізілетін объективті бағалауға негізделеді.
Бүгінде медицинаның дамуы, тиімді емдеу әдістері, оңалту іс-шаралары және техникалық оңалту құралдарының қолжетімділігі көптеген азаматтардың қалыпты өмір сүруіне және еңбекке қабілеттілігін сақтауға мүмкіндік беріп отыр. Осыған байланысты аурудың болуы автоматты түрде мүгедектік белгілеуге негіз болмайды.
Есте сақтаңыз: мүгедектік диагнозға емес, аурудың салдарынан туындаған ағза қызметтерінің тұрақты, айқын (орташа, жеңіл дәрежелі бұзылыстар емес) бұзылыстары мен олардың адамның күнделікті өміріне әсер ету деңгейіне қарай белгіленеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-uko/press/news/details/1272066?lang=ru

Жауап қалдыру