
Жұмыс берушінің құқықтары
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында жұмыс берушінің:
- Жұмыс орындарында қолайлы еңбек жағдайларын жасауға жәрдемдескені, сондай-ақ қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау бойынша рационализаторлық ұсыныстар енгізгені үшін жұмыскерлерді көтермелеуге;
- Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын бұзатын жұмыскерлерді жұмыстан шеттетуге және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тәртіптік жауаптылыққа тартуға;
- Жұмыскерлерден өндірісте жұмыстарды қауіпсіз жүргізу талаптарын мүлтіксіз сақтауды талап етуге;
- Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе жұмыс берушінің актілерінде көзделген жағдайларда жұмыскерлерді өз қаражаты есебінен профилактикалық медициналық қарап-тексерулерге жіберуге құқығы бар.
Жұмыс берушінің міндеттері
Жұмыс беруші:
- Кәсіптік тәуекелдерді бағалауға және профилактикалық іс-шараларды жүргізу, өндірістік жабдықтар мен технологиялық процестерді қауіпсіздеу түрлеріне ауыстыру арқылы оларды барынша азайту және жою жөнінде шаралар қабылдауға;
- Жұмыскерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуды, нұсқама беруді және білімдерін тексеруді жүргізуге, сондай-ақ өз қаражаты есебінен өндірістік процесті және жұмыстарды қауіпсіз жүргізу жөніндегі құжаттармен қамтамасыз етуге;
- Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша басшылар мен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдарды кадрлардың біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын ұйымдарда кемінде үш жылда бір рет оқытуды және білімдерін тексеруді ұйымдастыруға;
- Қажетті санитариялық-гигиеналық еңбек жағдайларын жасауға, жұмыскерлерді арнайы киіммен және аяқ киіммен, профилактикалық өңдеу құралдарымен, жуу және дезинфекциялау құралдарымен, медициналық дәрі қобдишаларымен, сүтпен немесе оған теңестірілген тамақ өнімдерімен, сондай-ақ белгіленген нормаларға сәйкес жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге;
- Он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлерді олар үшін белгіленген шекті нормалардан асатын ауыр жүктерді тасуға және жылжытуға жібермеуге;
- Әйелдердің белгіленген шекті нормалардан асатын ауыр жүктерді қолмен көтеруіне және жылжытуына жол бермеуге;
- Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар мен кәсіптік ауруларды тіркеуді, есепке алуды және талдауды жүзеге асыруға;
- Тоқсанына бір рет еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға және оның аумақтық бөлімшесіне, ал жұмыскерлердің өкілдеріне олардың жазбаша сұрау салуы бойынша еңбек жағдайларының, қауіпсіздік және еңбекті қорғау жағдайының жай-күйін мониторингтеу үшін қажетті ақпаратты ұсынуға;
- Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тергеп-тексеруді қамтамасыз етуге;
- Мемлекеттік еңбек инспекторларының нұсқамалары мен қорытындыларын орындауға;
- Жұмыскерлердің өкілдерінің қатысуымен белгіленген қағидаларға сәйкес өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша кемінде бес жылда бір рет мерзімді аттестаттауды жүргізуге;
- Жұмыскерлерді еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыруға және міндетті сақтандыру шартын жасасу туралы мәліметтерді еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен жіберуге;
- Авариялық жағдайдың өршуіне және басқа адамдарға жарақаттаушы факторлардың әсер етуіне жол бермеу үшін шұғыл шаралар қабылдауға;
- Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулықтарды белгіленген тәртіппен әзірлеуге, бекітуге және қайта қарауға;
- Қазақстан Республикасының заңнамасында, келісімде немесе ұжымдық шартта көзделген жағдайларда міндетті және мерзімдік медициналық қарап-тексерулерді, сондай-ақ жұмыскерлерді ауысым алдындағы медициналық куәландыруды өз қаражаты есебінен жүргізуге;
- Еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізуге және оның жұмыс істеуіне бақылауды жүзеге асыруға;
- Пайдаланудағы барлық негізгі қорларды еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғаудың қолданыстағы нормалары мен қағидаларына сәйкес келтіруге міндетті.
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтау — жұмыс берушінің міндеті және жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын сақтаудың қажетті шарты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abai-enbek/press/news/details/1272415?lang=ru

Жауап қалдыру