
Абай облысында бір тәулікте 306 құқық бұзушылық анықталып, жолы кесілді.
Абай облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жүргізушілердің көлік тәртібін арттыру мақсатында 10-12 тамыз аралығында “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері жол қозғалысына бақылауды күшейтті. Бір тәулік ішінде облыс аумағында 306 құқық бұзушылықтың жолы кесілді.
Атап айтқанда, жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзудың 4 фактісі, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін бұзудың 7 фактісі анықталды. Мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінсіз немесе белгіленген тәртіппен тіркелмеген көлікті басқарудың – 14, техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін көлікті басқарудың 74 фактісі тіркелді. Сонымен қатар тиісті рұқсатсыз көлік құралын қайта жабдықтаудың 8, техникалық байқаудан өтпеген көлікті басқарудың 21 фактісі анықталды.
Көлік басқару кезінде телефон немесе радиостанция пайдаланған 60 жүргізуші жауапқа тартылды. Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктері мен мотошлемдерді пайдалану талаптарын сақтамаудың 89 фактісі анықталды. Бұдан бөлек, қарсы қозғалыс жолағына шығудың – 2, көлікті мас күйінде басқарудың – 2, көлік басқару құқығы жоқ адамның көлік жүргізуінің – 9 және көлік басқару құқығынан айырылған адамның көлік басқаруының 5 фактісі тіркелді.
Абай облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бауыржан Омаров жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
– Жол қауіпсіздігі – тек полицияның емес, әрбір жол қозғалысына қатысушының ортақ жауапкершілігі. Бір қарағанда болмашы болып көрінетін ережені бұзудың өзі ауыр зардапқа әкелуі мүмкін. Сондықтан жүргізушілерден белгіленген жылдамдық режимін сақтауды, қауіпсіздік белдігін тағуды, көлік басқару кезінде телефон қолданбауды және мас күйінде рөлге отырмауды сұраймыз. Басты мақсатымыз – жазалау емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алып, адам өмірі мен денсаулығын қорғау, – деді Бауыржан Омаров.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1272443?lang=ru

Жауап қалдыру