
Ұйымдарда қауіпсіздік және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың алдын алу мақсатында қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес құрылады.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 203-бабына сәйкес, өндірістік кеңес жұмыс берушінің және (немесе) жұмыскерлердің не олардың өкілдерінің бастамасы бойынша он бес жұмыс күнінен кешіктірілмей құрылады.
Кеңес құрамына паритеттік негізде жұмыс берушінің өкілдері және жұмыскерлердің өкілдері, оның ішінде еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар кіреді. Өндірістік кеңестің құрамы жұмыс беруші мен жұмыскерлер өкілдерінің бірлескен шешімімен бекітіледі. Өндірістік кеңестің төрағасы кеңес мүшелері арасынан жұмыс беруші және жұмыскерлер өкілдерінің қатарынан екі жыл мерзімге ротациялық негізде сайланады.
Өндірістік кеңестің негізгі міндеттері:
- қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарын қамтамасыз ету бойынша жұмыс беруші мен жұмыскерлердің бірлескен іс-қимылдарын ұйымдастыру;
- өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың алдын алуға қатысу;
- еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың жұмыс орындарындағы еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғауға қатысты тексерулер жүргізуін ұйымдастыру.
Қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестің шешімдері жұмыс беруші мен жұмыскерлер үшін міндетті болып табылады.
Өндірістік кеңестің құрылуы және оның тиімді жұмыс істеуі қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастыруға, жұмыскерлер мен жұмыс берушінің жауапкершілігін арттыруға және өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алуға ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abai-enbek/press/news/details/1272645?lang=ru

Жауап қалдыру