
Сарбазға жасалған жақсы жағдай – оның қызметіне де серпін береді. Ұлттық ұланда жауынгерлердің кәсіби шыңдалуымен қатар, күнделікті қызметі мен тынығуына қолайлы орта қалыптастыруға да мән беріліп келеді.
Осы ретте құқықтық тәртіп әскерінің елордалық жедел бригадасында сарбаздардың қызметі мен тұрмысын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков 5573 әскери бөліміндегі жаңарған нысандарды тексеріп, сарбаздарға жасалған мүмкіндіктермен танысты.
Бас қолбасшы алдымен жаңадан салынған Жауынгерлік басқару пунктінің жұмысымен танысты. Мұнда қызметтік кабинеттер толық жабдықталып, әскери бөлімді тиімді басқаруға қажетті инфрақұрылым жасалған.
Сарбаздардың тұрмысындағы өзгерістер де аз емес. Әскери бөлімдегі монша жөндеуден өтті. Бұған қоса, қызметтен кейін тынығып, күш жинауға мүмкіндік беретін бу бөлмесі ашылған.
Қарауыл қызметіндегі әскери қызметшілер үшін де қажетті мүмкіндіктер бар. Жаңартылған нысанда олардың демалып, ұйықтап, тамақтануына арналған орындар ретке келтіріліп, жатын және демалыс бөлмелері мен асхана қайта жаңғыртылды.
Оқу қалашығының жаңаруы сарбаздардың кәсіби дайындығына тікелей әсер етеді. Мұнда әскери қызметшілер қызмет барысында қажет болатын дағдыларын жетілдіріп, алған білімін тәжірибеде шыңдайды.
Бұл өзгерістер жауынгерлер қызметін жеңілдетіп қана қоймай, оны сапалы, қауіпсіз әрі нәтижелі атқаруына мүмкіндік береді. Қызмет өткеруге лайықты орта, заманауи инфрақұрылым және сапалы даярлық – бүгінгі әскердің жаңа келбетінің ажырамас бөлігі.
Айта кетейік, бүгінде күн сайын мыңнан астам ұландық сарбаз елорда қауіпсіздігін күзетеді. Олар 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша 611 міндет атқарып, мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушыны анықтады.
Сондай-ақ жауынгерлер қала көшелерінде адасқан балаларды ата-аналарына табыстап, жоғалған заттарды иелеріне қайтарады. Осылайша, олар халықтың алғысын арқалап жүр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1272753?lang=ru

Жауап қалдыру