Каспий теңізі күні: Қазақстан бірегей экожүйені сақтау шараларын күшейтуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жыл сайын 12 тамызда Каспий маңы мемлекеттері Каспий теңізінің халықаралық күнін атап өтеді. Бұл теңіз ортасын бірлесіп қорғаудың негізін қалаған Тегеран конвенциясының күшіне енуімен байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, Қазақстан Каспий өңіріндегі басқа мемлекеттермен бірлесе өзгерістерге бейімделу және Каспийдің табиғи байлығын сақтау жөніндегі күш-жігерді біріктіруге бағытталған Мемлекетаралық бағдарламамен жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Каспийді сақтау жұмыстары бірнеше бағытты қамтиды: Каспий маңы елдерінің өзара іс-қимылы, жүйелі ғылыми зерттеулер жүргізу, материалдық-техникалық базаны нығайту, экологиялық бастамаларды іске асыру және қоғамды тарту. Мұндай кешенді тәсіл Каспий маңы елдерінің әлеуетін біріктіріп, Каспий теңізінің бірегей экожүйесін келер ұрпақ үшін сақтауға бағытталған шешімдерді кезең-кезеңімен қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Каспий теңізінің жай-күйі Каспий маңы мемлекеттерінің тұрақты назарында. Акватория мен жағалау аймағындағы өзгерістер ғылыми негізде жүйелі түрде зерттеліп, өңір елдері теңіздің бірегей экожүйесін бейімдеу және сақтау жөніндегі келісілген шараларды әзірлеу үшін күш біріктіруде.

Бірлескен жұмыстың практикалық тетіктерінің бірі – қазіргі уақытта талқылау сатысында тұрған Каспий маңы мемлекеттерінің іс-қимыл жоспары. Құжатта өзгерістерге бейімделу және Каспий теңізінің экожүйесін сақтау жөніндегі кешенді шаралар қарастырылған. Бұл формат өңір елдерінің күш-жігерін біріктіруге, ғылыми деректерді алмасуды дамытуға және Каспийді зерттеу мен сақтаудың келісілген тәсілдерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Қазақстан теңіздің ұлттық секторындағы үдерістерді кешенді зерттеуге арналған өзінің ғылыми базасын қалыптастыруда. Осы мақсатта былтыр қыркүйекте Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты жұмысын бастады. Президенттің Каспийді кешенді зерттеу және сақтау жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Үкімет резервтен теңіз мониторингіне арналған жабдықтарды сатып алуға, сондай-ақ гидробиологиялық және гидрохимиялық зертханаларды жарақтандыруға 1,1 млрд теңге бөлді. Жаңа материалдық база теңіз акваториясында тікелей кешенді зерттеулер жүргізуге және ортаның гидрометеорологиялық әрі биологиялық параметрлерін жүйелі түрде бақылауға мүмкіндік береді.

Өткен жылы институт акваторияда 21 стансаны қамтитын 2 теңіз экспедициясын өткізуді және 22 жағалау нүктесінде тұрақты жерүсті мониторингін көздейтін ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағдарламасын әзірледі. Осы бағдарламаның негізінде ағымдағы жылы акваторияда 50 параметр бойынша (метеорологиялық, гидрологиялық, гидрохимиялық, биологиялық көрсеткіштер мен түбіндегі шөгінділердің жай – күйін бағалауды қоса алғанда), ал жағалау аймағында аспаптық және көрнекі бақылаудың 26 параметрі бойынша бақылаулар жүргізіледі.

Сонымен қатар халықаралық ғылыми ынтымақтастық та кеңейіп келеді. Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты Каспий маңы елдерінің университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтары қауымдастығына кірді. Бұл деректермен, тәжірибемен және ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен алмасуға қосымша мүмкіндіктер береді.

Тағы бір маңызды бағыт – халықаралық экологиялық және волонтерлік ынтымақтастық. Каспий теңізінің халықаралық күні қарсаңында «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы аясында «Caspian Sea Action Week 2026» халықаралық волонтерлік апталық өтуде. Оған Каспий маңы мемлекеттері – Әзербайжан, Ресей, Иран және Түрікменстанның делегациялары, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан өкілдері қатысуда.

Іс-шараларға ғалымдар, сарапшылар, экобелсенділер, жастар және волонтерлік ұйымдардың өкілдері қатысуда. Бағдарлама ғылыми диалогты, практикалық экологиялық акцияларды және Каспийді сақтаудың заманауи шешімдерін іздеуді қамтиды. 6-7 тамызда Ақтауда Каспий теңізінің экологиялық мониторингі мен ғылыми зерттеулерінің заманауи технологияларына арналған халықаралық семинар мен дөңгелек үстел өтті. Өңір елдерінің өкілдері тәжірибе алмасып, ғалымдар мен сарапшылардың әрі қарайғы өзара іс-қимыл жасау мүмкіндіктерін талқылады.

Бағдарламаның жалғасы ретінде «Caspian Clean Challenge» экологиялық марафоны өтті. Волонтерлер жағалауды тазалап, қалдықтарды жинау және сұрыптау жұмыстарын жүргізді, сондай-ақ экологиялық бастамалармен және жасыл технологиялармен танысты. Каспий өңірі волонтерлерінің «Достық аллеясы» құрылып, онда 80-нен астам ағаш отырғызылды. Сондай-ақ болашақ ұрпаққа арналған жолдаулар салынған «Уақыт капсуласы» орналастырылды. Экологиялық акция Бозжыра шатқалында жалғасын тапты. «Bozzhyra Clean Up» акциясына қатысушылар аумақты тазалап, Маңғыстаудың бірегей табиғи ландшафттарымен танысты.

Каспийді сақтауға арналған технологиялық шешімдерге Caspian Innovation Lab халықаралық хакатоны арналды. Оның қатысушылары экологиялық жобаларды әзірлеуде. Үздік жобалар волонтерлік апталықтың қорытынды іс-шаралары барысында таныстырылады.

Халықаралық волонтерлік апталықты 12 тамызда волонтерлік қозғалыс пен сарапшылар қауымдастығының өкілдерін біріктіретін Caspian Talks саммиті қорытындылайды. Саммит аясында хакатон қорытындылары шығарылып, бірлескен жұмыстың алдағы бағыттары талқыланады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kostanai-michurin/press/news/details/1272757?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді