
Қарқаралы ауданы Тегісшілдік ауылдық округінде дәстүрлі ән орындаушылардың VIII «Алтын домбыра» байқауы өтті. Жыл сайын ұйымдастырылатын өнер додасы жас орындаушыларға өз қабілетін танытып, сахна тәжірибесін жинақтауға және дәстүрлі әнді орындау шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді.

Байқауға қатысушылар қазақтың дәстүрлі ән өнерінің таңдаулы туындыларын орындап, ұлттық орындаушылық мектептің өзіндік ерекшеліктерін сақтауға мән берді.

18 жасқа дейінгі қатысушылар арасында Инабат Төлеуғали топ жарып, бірінші орынға ие болды. Екінші орынды Аружан Сабыржан мен Жансұлтан Атымтай бөлісті.
18 жастан жоғары санатта Қарқаралы қаласының өкілі Аружан Әмірбек жеңімпаз атанды. Расул Омаров екінші орын алса, үшінші орынға Ислам Таңатов ие болды.

Сонымен қатар тағы екі өнерпаз «Көрермен көзайымы» номинациясымен марапатталып, арнайы сыйлықтарға ие болды.
Дәстүр бойынша ересектер санатында бірінші орын алған орындаушының ауылдық округі немесе елді мекені келесі аудандық байқауды өткізу құқығына ие болады.

Осылайша, «Алтын домбыра» IX байқауы 2027 жылы Қарқаралы қаласында өтеді.
– Бұл жеңіс мен үшін үлкен қуаныш әрі жауапкершілік. Өз қаламды лайықты таныстырып, байқау жеңімпазы атанғаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта да орындаушылық шеберлігімді жетілдіріп, қазақтың дәстүрлі ән өнерін сақтауға және кеңінен насихаттауға өз үлесімді қосқым келеді. Келесі жылы байқаудың Қарқаралыда өтетіні де ерекше қуантады. Өнер додасы көптеген жас орындаушылардың басын қосады деп сенемін, – деді Аружан Әмірбек.

Байқаудың әр жыл сайын әртүрлі елді мекендерде өтуі дәстүрлі әнге қызығатын жаңа орындаушыларды тартуға және өнерпаздар қатарын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Фото: Қарқаралы ауданы әкімдігі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1272769?lang=ru

Жауап қалдыру