
Семей қаласында «Қоғамдық тұрақтылықтың басты шарты – заң және тәртіп» атты форум өтті. Жиынға діни бірлестіктердің өкілдері мен дін қызметкерлері қатысып, қоғамдық қауіпсіздік, құқық бұзушылықтардың алдын алу және діни нысандардағы тәртіп мәселелерін талқылады.
Форум барысында заң талаптарын сақтау, діни нысандардағы қауіпсіздікті күшейту және келеңсіз жағдайлардың алдын алу бойынша өзекті мәселелер көтерілді.
«Мешіттер немесе шіркеулер – қоғамдық орын. Сондықтан ол жердегі тәртіп пен қауіпсіздіктің сақталуы өте маңызды. Бүгінгі форумда келушілер арасында болуы мүмкін келеңсіз жағдайлардың алдын алу және сондай жағдай орын алған кезде дін қызметкері орындауы тиіс алгоритмдер талқыланды» – Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы.
Сондай-ақ Полиция департаментінің өкілі А. Қаскенов қоғамдық қауіпсіздік пен діни экстремизмнің алдын алу бағытында баяндама жасады. Ал Дін істері басқармасының бас маманы Ж. Амангелдіұлы діни қызмет саласындағы мемлекеттік қызметтер туралы ақпарат берді.
Жиын соңында қатысушылар пікір алмасып, сұрақтарын қойды. Форумда заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау – қоғамдық тұрақтылықтың маңызды негізі екені атап өтілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-din/press/news/details/1272825?lang=ru

Жауап қалдыру