Абай облысында «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздары марапатталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Халықаралық жастар күніне орай «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын салтанатты түрде табыстады. Кездесуге аталған грант жеңімпаздары, жастар ұйымдарының өкілдері және белсенді жастар қатысты.

Биыл Абай облысында грант жеті бағыт бойынша тағайындалды. Байқауға құжаттар 19 маусым мен 18 шілде аралығында қабылданып, барлығы 74 өтінім түсті. Ерекше атап өтерлігі, экология және ғылым бағыттары байқауға алғаш рет қосылып отыр.

Аймақ басшысы құттықтау сөзінде жастардың қоғам дамуындағы рөліне тоқталып, мемлекет тарапынан олардың бастамаларына көрсетіліп отырған қолдаудың маңызын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 2026 жыл Біріккен Ұлттар ұйымы шешімімен Халықаралық еріктілер жылы деп жарияланды. Сонымен қатар, 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп бекітілгенін білесіздер. Президент өз сөзінде әрдайым айтатын қуатты, озық, таза және қауіпсіз Қазақстанды құру жолында жастар ерекше рөл атқарады. Өйткені, қоғамға қозғау салатын, батыл қадамға баратын, әр саланы ілгері дамытатын – жастардың жаңашылдығы мен отаншылдығы. Бүгін сіздерге табысталатын грант – білім-қабілеттеріңізге мемлекеттің көрсеткен сенімі. Ұсынған жобаларыңыз қоғамға пайдалы, жастардың өз ортасында тартымды болады деп сенемін. Жастарды қолдау – өңірдің болашағына, адами капиталға жасалған инвестиция. Бүгінгі жобалар ертеңгі күні әлеуметтік саланың, табысты кәсіптің негізіне айналатыны сөзсіз», – деді Берік Уәли.

Байқау қорытындысы бойынша «Ғылым» бағытында Шәкәрім университетінің «Техникалық физика» мамандығы бойынша 2 курс докторанты Айым Леонидова, «Ауыл шаруашылығы» бағытында «Abai Media Group» серіктестігінің менеджері Әбет Аяжан, «Ақпараттық технологиялар» бағытында «Mango Development» ұйымының жетекшісі Владислав Набока, «Бизнес» бағытында «KMF Банк» акционерлік қоғамының менеджері Анар Меңдібаева, «Креативті индустрия» бағытында Рымбек Байсейітов атындағы қаржы-экономикалық жоғары колледжі директорының орынбасары, арнайы пәндер оқытушысы Асхат Мұханов, «Экология» бағытында аталған колледждің студенті Әмина Бауыржан, «Волонтерлік» бағытында педагог, логопед, сенсорлық интеграция және емдік дене шынықтыру маманы Жансая Ғабитова жеңімпаз атанды. Әр бағыт бойынша 1 миллион теңгенің гранты табыс етілді.

Облыста 150 мыңға жуық жас бар. Өңірде жастардың білім алуына, тәжірибе жинақтауына, кәсіп бастауына және өз жобаларын жүзеге асыруына бағытталған бірқатар қолдау тетігі жүзеге асырылып келеді. Білім алуға облыс әкімдігі гранттары берілсе, тәжірибе жинақтауға «Жастар практикасы», кәсіп бастауға «Бастау Бизнес» жобасы қарастырылған. Жоғары оқу орындарына түсу үшін облыстың 200 түлегіне былтыр да, биыл да облыс әкімінің гранты бөлінді.

Жас түлектерді мемлекеттік қызметке тарту үшін президенттік және өңірлік резервтер жұмыс істейді. GPA көрсеткіші 3.33-тен жоғары түлектер аудан және ауыл деңгейіндегі мемлекеттік қызметке конкурссыз тағайындала алады. Сонымен қатар әскери қызметті облыста өтеу және әскерден кейін білім грантын алу мүмкіндіктері бар. Өңірде жастарды маусымдық жұмыспен қамтып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Жасыл ел» бағдарламасы жыл сайын жүзеге асырылады. Сондай-ақ, жұмыс істейтін 30 жас азаматқа «Абай жастары» жеңілдетілген ипотекасы табысталды.

Былтыр желтоқсан айында Семей қаласында Президенттің қолдауымен заманауи Оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Жастарға қажетті инфрақұрылымды дамыту бағытында биыл Курчатов қаласында аумағы 900 шаршы метр жаңа Жастар ресурстық орталығы ашылды. Алдағы уақытта «Абайға құрмет» акциясы аясында «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы Семей қаласында жастарға арналған «Болашақ сарайын» салуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2021 жылдан бері талантты, шығармашыл және бастамашыл жастарды мемлекеттік қолдау мақсатында беріліп келеді. Осы уақытқа дейін грантты 183 азамат иеленген.

 

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1273272?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді