Мәслихатта агроөнеркәсіп саласын дамыту мәселелері қаралды.

Жарияланды:

Автор:

категорияда
   Мәслихатта агроөнеркәсіп саласын дамыту мәселелері қаралды.
Бүгін, 13 тамыз күні Қызылорда қалалық мәслихатының коммуналдық-шаруашылық, ауылшаруашылығы, жер және экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия отырысы өтті.
   Отырысқа комиссия төрағасы И.Басықараев төрағалық етті.
Комиссия отырысына қалалық мәслихат төрағасы И.Құттықожаев, мәслихат депутаттары, агроөнеркәсіп саласына қатысты облыстық басқарма, инспекция, «Атамекен» облыстық кәсіпкерлік палатасы, «Байқоңыр» ӘК АҚ өкілдері, тиісті дербес бөлімдер мен мекеме басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
   Күн тәртібінде:
   1. «Қызылорда қаласында агроөнеркәсіп саласын дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді жүзеге асыру туралы»;
   2. «Ақсуат ауылдық округінде халықтың бау-бақша, көкөніс егу жұмыстарын ұйымдастыру туралы» мәселелері қаралды.
Отырыста Қызылорда қаласында агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы М. Әжібеков хабарлама жасады.
   Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес инвестиция тартуды тұрақты қамтамасыз ету мақсатында «Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы 2025-2029 жылдары іске асырылатын инвестициялық жобалардың жол картасы» бекітілген. Жол картасына жалпы құны 23,3 млрд теңгені құрайтын
9 инвестициялық жоба енгізілген.
    Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде 237 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Жобалар сүт-тауарлы фермаларын, балық шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, жылыжай кешендерін және көкөніс пен жеміс сақтау қоймаларын салу бағыттарын қамтиды.
Оның ішінде 2025 жылы жалпы құны 5 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба іске қосылды. Оның ішінде күріш ақтау, нан-тоқаш, кондитерлік және макарон өнімдерін өндіру, сондай-ақ азық-түлік өнімдерін шығаратын өндірістік цехтарды іске қосу бағытындағы жобалар бар.
   Ал 2026 жылы жалпы құны 18,3 млрд теңгені құрайтын 4 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Олар: тауарлы-сүт фермасы, жылыжай кешені, көкөніс сақтау қоймасы, балық шаруашылығы бағыттарын қамтиды. Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде 95 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Оның ішінде: ЖК «Төлегеновтің» қуаттылығы 2 мың тонна болатын көкөніс сақтау қоймасын салу жобасы. Жобаның құны – 1 млрд теңге.
«Мелиоратор» ЖШС-нің 40 гектар аумақта жылыжай кешенін салу жобасы. Жобаның құны – 9 млрд теңге.
«Агробалық МА» ЖШС-нің қуаттылығы жылына 50 тонна балықтың әртүрлі тұқымын өсіруге арналған тұйықталған су қондырғысымен жабдықталған балық шаруашылығын дамыту» жобасы. Жоба құны 697 млн. теңге.
Сонымен қатар, бекітілген Жол картасынан бөлек, «Fabe-Agro» ЖШС қуаттылығы 250 гектар болатын жылыжай кешенін салуды жоспарлап отыр. Жоба іске асырылған жағдайда 1300 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жобаның жалпы құны – 156,8 млрд теңге.
    Комиссия отырысында Ақсуат ауылдық округіндегі халықтың бау-бақша және көкөніс егу жұмыстарын ұйымдастыру мәселесі де талқыланып, ауылдық округ әкімі Н.Бақытов хабарлама жасады.
Ақсуат ауылдық округінде 12 196 тұрғын бар. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 7 727 гектарды құрайды. Оның ішінде 560 гектар егістік және 5 434 гектар жайылымдық жер бар.
   2026 жылы ауыл тұрғындары 4,7 гектарға картоп, 150 гектарға бақша, 175 гектарға көкөніс дақылдарын еккен. Сонымен қатар жеке кәсіпкер Х.Кененбаев «Қаратабан» өңіріне 5 гектар жерге қияр мен қызанақ егіп, қазіргі таңда өнімдерін қала және ауыл тұрғындарына қолжетімді бағамен ұсынып отыр.
   Ауылдық округте бүгінде 5 жылыжай жұмыс істейді. Олардың қатарында «КазАгроМир» ЖШС-нің 2,5 гектарлық жылыжай кешені, жеке кәсіпкер Б.Нұрмағанбеттің 1 200 шаршы метрлік лимон өсіретін жылыжайы, сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасы аясында қолдау алған кәсіпкерлердің жылыжайлары бар.
   Ақсуатта тұрғындардың үй іргелік жерлеріне маусымдық дақылдар егіп, өнім алуына жағдай жасау мақсатында каналдар тазартылып, аяқ су аптасына үш күн беріледі. Наурыз елді мекеніндегі жаңадан қоныстанған тұрғындар аумағы да аяқ сумен қамтамасыз етілуде.
    Сонымен бірге су ресурстарын тиімді пайдалану және ысырапты азайту мақсатында Наурыз елді мекеніндегі каналдарды бетондау және қайта жаңғырту қажеттілігі айтылды.
   Комиссия қарауына шығарылған мәселелерді талқылау барысында депутаттар тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда: мәслихат төрағасы И.Құттықожаев: ауылдық округтер халыққа қажетті өнімдер өндіру жолдарын қарастырып, осы бағытта жұмыс жасау, ұсынылған жобалардың мерзімінде аяқталып, жоспарлы жұмыс орындарының ашылуы бағытында тиісті шаралар атқару, депутат М.Есжанов: ауыл тұрғындарының пайдалануына жайылымдық жерлерді беру, үй іргелік бау-бақша жұмыстарын жүргізу, аяқ су мәселесін шешуге қолдау көрсету туралы ұсыныстарын жеткізді.
Комиссия отырысында берілген ұсыныстар тұрақты комиссия қаулысына енгізіліп, тиісті шешімдер қабылданды.
Комиссия жұмысы «Youtube» (ютуб) арнасы арқылы тікелей эфирден көрсетілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-orda/press/news/details/1273895?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді