
Елімізде халықтың экономикалық белсенділігі артып келеді. Қазіргі таңда елдегі жұмыс күшінің саны 9 млн 838,1 мың адамға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 103 мыңнан астам адамға көп. Ал жұмыспен қамтылғандардың саны 9 млн 392 мың адамды құрады. Бұл еңбек нарығында жаңа жұмыс орындары ашылып, азаматтардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктері артып келе жатқанын көрсетеді, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Еңбек нарығындағы тұрақтылықтың маңызды көрсеткіштерінің бірі – ресми түрде жұмыс істейтін азаматтар санының өсуі. Бір жыл ішінде жалдамалы жұмыскерлердің саны шамамен 150 мың адамға артып, 7 млн 290,4 мың адамға жетті.
Сонымен қатар өз бетінше жұмыс істейтін және тұрақсыз жұмыспен қамтылған азаматтардың саны азайып келеді. Бұл азаматтардың еңбек шарты жасалып, әлеуметтік кепілдіктері толық қарастырылған ресми жұмысқа біртіндеп ауысып жатқанын көрсетеді.
Жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік шаралар да өз нәтижесін беріп отыр. 1 тамыздағы жағдай бойынша мемлекет пен жұмыс берушілердің қолдауымен 388 512 адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 298 904 адам тұрақты жұмысқа тұрды.
Бұл көрсеткіштер мемлекет үшін уақытша жұмыспен қамтудан гөрі, азаматтардың тұрақты әрі сапалы жұмысқа орналасуына жағдай жасау маңызды екенін көрсетеді. Тұрақты жұмыс адамның табысын қамтамасыз етіп қана қоймай, оның әлеуметтік кепілдіктерге ие болуына мүмкіндік береді.
Азаматтарды жұмыспен қамтуда Электрондық еңбек биржасының, кәсіби оқыту бағдарламаларының, субсидияланатын жұмыс орындарының және жұмыс берушілермен жүргізіліп жатқан жұмыстың маңызы зор. Бұл тетіктер жұмыс іздеп жүрген азаматтар мен маман қажет ететін жұмыс берушілерді жылдам байланыстыруға мүмкіндік береді.
Электрондық еңбек биржасы арқылы азаматтар бос жұмыс орындарын қарап, өзіне сәйкес жұмысты таңдай алады. Ал кәсіби оқыту бағдарламалары жаңа мамандық меңгеруге немесе біліктілікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға қайта оқып, жұмысқа орналасқысы келетін азаматтар үшін маңызды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-baiganin-karauylkeldi/press/news/details/1273931?lang=ru

Жауап қалдыру