
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары А.Құлмахановтың төрағалығымен Отырар ауданы әкімдігі жанындағы Денсаулық сақтау жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға ауыл округтерінің әкімдері, мекеме басшылары мен арнайы салалық бөлім өкілдері және жауапты мамандар қатысты.
Жиынның күн тәртібіне конго-қырым қанды безгегінің (КҚҚБ) алдын алу шаралары туралы және жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы мәселелер енгізіліп, қаралды.
Көктемгі-жазғы маусымда қауіпті жұқпалы аурулардың, оның ішінде иксод кенелері арқылы таралатын Конго-Қырым қанды безгегінің алдын алу жұмыстары қатаң бақылауға алынды. Аудан аумағындағы мал басын кенеге қарсы өңдеу (залалсыздандыру) жұмыстарының сапасы мен уақтылы орындалуы сарапталды. Тұрғындар арасында қауіпсіздік ережелерін сақтау, мал ұстаудағы санитарлық талаптарды қатаң ұстану бойынша ақпараттық-түсіндіру науқандарын күшейту қажеттігі атап өтілді. Медициналық мекемелердің бұл бағыттағы дайындығы пысықталды.
Ал, екінші мәселе бойынша таяу күндері басталатын жаңа 2026–2027 оқу жылына білім беру ұйымдарының дайындық жағдайы жан-жақты талқыланды. Мектептердің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай болуы, асханалардың жұмысы, балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары басты назарға алынды. Балалардың жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық екпелермен қамтылуы және оқу ордаларындағы тазалық жұмыстары қатаң бақылауда болатыны жеткізілді.
Кеңес соңында төраға А.Құлмаханов көтерілген мәселелердің әрқайсысына жеке тоқталып, жауапты бөлімдер мен мекеме басшыларына нақты мерзімі көрсетілген тапсырмалар берді. Тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты басымдық екені ескертіліп, бұл бағыттағы жұмыстардың күнделікті бақылауда болатыны атап өтілді. Жиын қорытындысы бойынша тиісті хаттамалық шешімдер қабылданды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-audany/press/news/details/1274066?lang=kk

Жауап қалдыру