
ҚР Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған ҚР Құрылтайының депутаттарын сайлау алдындағы өңірлерді инспекциялық тексеру жұмыстары жалғасуда.
13-14 тамыз күндері Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Әсел Жанәбілова Ақмола облысында инпекциялық сапармен болды. Іссапар аясында мемлекеттік органдар және құқық қорғау құрылымдарымен үйлестіру жиыны өтті. Жауапты органдардың Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық бойынша есептері тыңдалып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды. ОСК мүшесі сайлауды ұйымдастыру мен өткізуде барлық мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысының маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ ол сайлау учаскелерін интернет желісіне тұрақты қосылуын қамтамасыз етуге және қажетті инфрақұрылымды дайындауға ерекше мән беруді атап өтті. ОСК мүшесі сайлаушыларды ақпараттандыру, call-орталықтардың жұмысы, дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәліктерін алу мәселелеріне айрықша назар аударды.
«Сайлау күні тұрғылықты жерінен тыс жерде болатын сайлаушылар дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәлігін тұрақты тіркелген жері бойынша учаскелік сайлау комиссиясынан ала алады. Ол үшін қазірден бастап 22 тамыз күні сағат 18:00-ге дейін өтініш беруге болады. Жазғы демалыс пен каникул кезеңін ескере отырып, азаматтарды есептен шығару куәлігін алу мүмкіндігі туралы ақпараттандыруды жалғастыру маңызды. Осылайша, сайлаушы басқа елді мекенде болған жағдайда да дауыс бере алады», – деп атап өтті Әсел Жанәбілова.
Сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға үздіксіз жұмыс істейтін өндірісі бар ұйымдарда сайлау учаскелерін ашуға мүмкіндік беретін өзгеріс енгізілгенін атап өткен жөн. Ақмола облысында осындай 3 жаңа сайлау учаскесі ашылып, олар шамамен 1 000 жұмыскерді қамтиды. Осы учаскелерге барған Әсел Жанәбілова мұндай учаскелердің ашылуы жұмыскерлердің өздерінің конституциялық құқықтарын жүзеге асыруы үшін қолайлы жағдай жасау тұрғысынан маңызды екендігіне ерекше тоқталды.
Сапар барысында ОСК мүшесі дауыс беру процесінің инклюзивтілігін қамтамасыз ету және мүгедектігі бар адамдар үшін қажетті жағдайлар жасау мәселелеріне үлкен көңіл бөлді. Тағы бір маңызды бағыт – кадрлардың кәсіби даярлық деңгейін арттыру. Әсел Жанәбілова аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының 150 мүшесіне арналған семинарға қатысып, республикалық каскадтық оқыту моделінің тәжірибе жүзінде іске асырылуымен танысты.
Сапар барысында Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауына дайындық жұмыстарының мәресіне жақындағаны атап өтілді. Негізгі назар – заңнама талаптарын қатаң түрде сақтау. Сайлау комиссияларының мүшелері азаматтарды ақпараттандыру, дауыс беру, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау, байқаушылармен және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау сияқты барлық рәсімдерді егжей-тегжейлі пысықтауда.
Айта кетейік, Ақмола облысында ҚР Құрылтайының депутаттарын сайлауды 759 сайлау комиссиясы қамтамасыз етеді, олардың құрамына 4 520 адам кірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/election/press/news/details/1274620?lang=ru

Жауап қалдыру