
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы «TURAN» арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарын аралап, өндірістік жобалардың іске асу барысы мен құрылыс қарқынын және аумақтарды қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстарымен танысты.
Алдымен ламинат өндіруге бағытталған құны 5 млрд теңге болатын «Qaz Natural Laminat» ЖШС-нің өндірістік нысанында болды. Бірінші кезеңі іске қосылған кәсіпорын қазір өндірісті кеңейтуге бағытталған екінші кезеңге дайындалуда.
Қала әкімі екінші кезеңнің құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, белгіленген мерзімде аяқтауды, қажетті инженерлік желілермен қамтамасыз етіп, инвесторға тиісті қолдау көрсету мәселесін жеделдетуді міндеттеді.
Бұдан бөлек, «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС-нің өндірістік нысанындағы құрылыс жұмыстарын аралады. Құны 3,6 млрд теңге болатын жоба аясында 20 гектар аумақта иіру, тоқыма және джинсы матасын өндіретін фабрика салынады. Кәсіпорын толық қуатына шыққанда 1 500 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жалпы құрылыс үш кезеңмен жүзеге асырылады.
Нысанды аралау кезінде қала әкімі құрылыс жұмыстарының белгіленген кестеден кешікпеуін, сапа талаптарының сақталуын және инженерлік инфрақұрылым мәселелерінің уақытылы шешілуін тапсырды. Өндіріс іске қосылғаннан кейін жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға басымдық беріп, қажетті мамандарды алдын ала даярлау қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, арнайы экономикалық аймақты 88 гектарға кеңейту жұмыстарының барысы қаралды. Жаңа аумаққа өндірістік нысандарды орналастыру үшін – 12,6 шақырым электр желісі, 6,2 шақырым газ құбыры, 3,2 шақырым ішкі су құбыры, 2,6 шақырым кәріз және 2,6 шақырым байланыс желісі тартылып, магистральдық су құбыры мен бетон жол салынбақ.
Әзімбек Пазылбекұлы өндірістік аймақтарды дамытуда негізгі назар тек кәсіпорындарды орналастыруға емес, олардың тұрақты жұмыс істеуіне қажетті инфрақұрылымды уақытылы дайындауға аударылуы тиіс екенін атап өтті. Жауапты сала басшыларына инженерлік желілерді сапалы жүргізіп, барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды және өндірістік жобалардың іске асу барысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1274662?lang=kk

Жауап қалдыру