Мақсат Жақып пен Гүлбала Нәбидің махаббат тарихы – қызметпен, уақытпен және ортақ мақсатпен сыналған шынайы сезімнің жарқын үлгісі.
Олар алғаш рет 2018 жылы Алматы қаласында, Макан Есболатов атындағы ІІМ академиясында танысты. Бір оқу тобында оқыған жас курсанттар алғашқы күндерден бастап бір-біріне қолдау көрсетіп, сынақтарға, кезекшіліктерге, сынақ алдындағы қобалжуларға бірге төтеп берді. Достық уақыт өте келе шынайы махаббатқа ұласып, мықты отбасының іргетасына айналды.
Оқу бітірген соң олар өмір жолын бірге жалғастыруды шешті – тек офицер ретінде ғана емес, ерлі-зайыпты ретінде де. Бүгінде олардың отбасы – махаббат, сенім және Отан алдындағы ортақ парыз үндестігі. Ал басты шабыт көздері – сүйікті ұлдары Мұхаммед.
Мақсат – облыстық департаменттің киберқылмыстарға қарсы күрес басқармасында аға жедел уәкіл. Жауапты, қағидатты, өз ісіне берілген маман ретінде ол цифрлық қауіпсіздік майданында абыроймен еңбек етіп келеді. Ал Гүлбала – қызметін жедел уәкіл болып бастап, кейін Қонаев қалалық полиция басқармасында тергеуші қызметіне ауысқан кәсіби офицер.
Бұл отбасының хикаясы – сап түзеген қатардан махаббат тауып қана қоймай, оны қызметтің қарбалас ырғағында да сақтап қалуға болатынын дәлелдейді. Өйткені бір миссия мен шынайы сезім тоғыстырған екі мықты жан кез келген сынақтан сүрінбей өтіп, алға қойған биіктерді бағындыра алады!
Жауап қалдыру