
Брюссель, 2026 жылғы 17 тамыз – Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Елшісі Роман Василенко Бельгия Федералдық Парламенті Өкілдер палатасының депутаты, Халықаралық қатынастар комитетінің мүшесі Катрин Ван Риетпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформаларға, жаңа Конституцияны іске асыруға және 23 тамызда өтетін жаңа бір палаталы Парламент – Құрылтай сайлауына басты назар аударылды.
Елші сұхбаттасын 2026 жылғы 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда мақұлданған конституциялық реформаның негізгі қорытындыларымен таныстырып, алдағы сайлаудың елдегі саяси жаңғырудың маңызды кезеңі екенін атап өтті.
К.Ван Риет Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға оң баға беріп, демократиялық институттарды, заң үстемдігін нығайтудың және сайлау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
К.Ван Риеттің ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының байқаушылар миссиясы құрамында Қазақстанға алдағы сапарына жеке назар аударылды. Тараптар сондай-ақ Қазақстан-Бельгия парламентаралық өзара іс-қимылын одан әрі нығайту және Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1275478?lang=ru

Жауап қалдыру