« Қазақстанда зейнетақы төлемдерінің мөлшері неге байланысты?»

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Департамент басшысы Н.А. Блялов «Орталық Қазақстан» газетіне «Зейнетақы төлемдерінің мөлшері неге байланысты?»  тақыры бойынша сұхбат  берді

     Қазақстан Республикасында азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру 2023 жылғы 20 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. Зейнетақы төлемдерінің мөлшері бірнеше негізгі факторға байланысты. Оларға еңбек өтілі, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі, жұмыс істеген кезеңдегі орташа айлық табыс, сондай-ақ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) зейнетақы жинақтарының мөлшері жатады.

     Қазақстандағы зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінде негізгі құрамдастардың қатарында мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі, жасына байланысты зейнетақы төлемі (ынтымақты зейнетақы) және зейнетақы жинақтары есебінен төленетін төлемдер бар.

                                         Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі

       Базалық зейнетақы төлемі зейнеткерлік жасқа толған азаматтарға тағайындалады және ең алдымен зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады.

      2026 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан аз болған немесе ол болмаған жағдайда базалық зейнетақы төлемі ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызын құрайды. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылдан асқан әрбір толық жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға ұлғайтылады. Бұл ретте 2026 жылы базалық зейнетақы төлемінің ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 118 пайызын құрайды.

     Осылайша, азаматтың зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі неғұрлым ұзақ болса, базалық зейнетақы төлемінің мөлшері де соғұрлым жоғары болады.

                                             Жасына байланысты зейнетақы төлемі

      Жасына байланысты ынтымақты зейнетақы төлемінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтіліне және 1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі жұмыс кезеңіндегі орташа айлық табысқа байланысты.

     Жасына байланысты зейнетақы төлемін тағайындау кезінде 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемінде алты ай еңбек өтілі ескеріледі. Төлем мөлшері заңнамада белгіленген кезеңдегі еңбек өтілі мен орташа айлық табыс ескеріле отырып есептеледі.

     Демек, расталған еңбек өтілі мен ресми табыстың болуы зейнетақымен қамсыздандыру мөлшеріне тікелей әсер етеді.

                                                      БЖЗҚ-дан төленетін төлемдер

      Зейнетақымен қамсыздандырудың тағы бір құрамдас бөлігі – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында қалыптастырылған зейнетақы жинақтары есебінен жүзеге асырылатын төлемдер.

       Мұндай төлемдердің мөлшері азаматтың зейнетақы жинақтарының сомасына, оның ішінде міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналарына, сондай-ақ инвестициялық табысқа байланысты.

       Сондықтан жинақтаушы зейнетақының болашақ мөлшеріне зейнетақы жарналарының тұрақты және ұзақ мерзім бойы аударылуы, жарналардың мөлшері және инвестициялық табыс әсер етеді.

                                     Зейнетақы мөлшеріне қандай факторлар әсер етеді?

       Осылайша, азаматтың зейнетақы төлемдерінің мөлшері мынадай негізгі факторлардың жиынтығына байланысты:

* еңбек өтілінің ұзақтығына;

* зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне;

* есепке алынатын кезеңдегі орташа айлық табыс мөлшеріне;

* зейнетақы жарналарының мөлшері мен аударылу ұзақтығына;

* БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының сомасына;

* зейнетақы активтері бойынша алынған инвестициялық табысқа;

* тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленетін көрсеткіштерге.

        Бұл ретте әр азаматтың зейнетақы төлемдерінің мөлшері жеке есептелетінін атап өткен жөн. Есептеу кезінде оның еңбек өтілі, табысы және зейнетақы жинақтары туралы мәліметтер ескеріледі.

      2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері 10 пайызға арттырылды. Сондай-ақ ең төмен күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері қайта қаралды.

                                      Зейнетақы жарналарын бақылау неліктен маңызды?

       Болашақ зейнетақы төлемдерінің мөлшері азаматтың бүкіл еңбек қызметі кезеңінде қалыптасады. Сондықтан азаматтарға зейнетақы жарналарының аударылуын және БЖЗҚ-дағы жинақтарының жай-күйін тұрақты түрде бақылап отыру ұсынылады.

       Азамат зейнетақы жүйесіне неғұрлым ұзақ қатысып, зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты аударылған сайын, болашақта лайықты зейнетақымен қамсыздандыруды қалыптастыру мүмкіндігі де арта түседі.

      Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесі мемлекеттік және жинақтаушы құрамдастарды үйлестіруді көздейді. Бұл азаматтың еңбек үлесін және оның жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуын ескере отырып, зейнетақы төлемдерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

      Маңызды: зейнетақы төлемдерінің нақты мөлшері Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі және зейнетақы төлемдерін есептеу мен тағайындаудың қолданыстағы тәртібі негізінде әр азаматқа жеке есептеледі.

 

 

 

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-karagandy/press/news/details/1275406?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді