
Полиция азаматтарға интернеттегі инвестициялық алаяқтықтың кең таралған тәсілдерінен сақ болуды ескертеді.
Қазіргі уақытта алаяқтар әлеуметтік желілер, мессенджерлер және түрлі интернет-платформалар арқылы азаматтарға жалған инвестициялық жобаларды ұсынып, олардың сеніміне кіруде.
Қаскөйлер өздерін брокер, инвестициялық компанияның қызметкері, қаржы сарапшысы немесе танымал компания өкілі ретінде таныстырып, азаматтарға «жоғары табыс», «кепілді пайда», «тәуекелсіз инвестиция» секілді тиімді ұсыныстар жасайды.
Алаяқтық схеманың бастапқы кезеңінде жәбірленушіден аз мөлшерде қаражат салу сұралады. Одан кейін жалған сайт немесе арнайы қосымша арқылы салынған ақшаның өсіп жатқанын көрсетіп, азаматты одан әрі қаражат салуға ынталандырады.
Кейін алаяқтар «инвестиция көлемін арттыру», «салық немесе комиссия төлеу», «шотты бұғаттан шығару» сияқты түрлі сылтаулар айтып, қосымша ақша аударуды талап етеді.
Азамат өз қаражатын қайтарып алуға әрекет жасаған кезде жалған сайт жұмысын тоқтатады, аккаунт бұғатталады немесе өзін «қаржы кеңесшісі» деп таныстырған адам байланысқа шықпай қалады. Нәтижесінде жәбірленуші қомақты мөлшерде қаражатынан айырылуы мүмкін.
Алаяқтардың арбауына түспеу үшін:
⚠️ 100 пайыз кепілдікпен жоғары табыс уәде ететін ұсыныстарға сенбеңіз.
⚠️ «Бірнеше күнде ақшаңызды бірнеше есе көбейтеміз» деген жарнамаларға күмәнмен қараңыз.
⚠️ Сізді тез шешім қабылдауға мәжбүрлейтін адамдардың талаптарын орындамаңыз.
⚠️ Бейтаныс адамдардың нұсқауы бойынша ақша аудармаңыз.
⚠️ Банк картасының нөмірі, жарамдылық мерзімі, CVV-код, SMS арқылы келген растау кодтары мен басқа да құпия деректерді ешкімге бермеңіз.
⚠️ Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және белгісіз қосымшаларды орнатпаңыз.
⚠️ Инвестициялық компанияның атауын, қызметін және лицензиясын дербес тексеріңіз. Ақша аудармас бұрын ұсыныстың заңдылығына көз жеткізіңіз.
⚠️ Интернеттегі жарнамаға немесе мессенджердегі «инвестициялық кеңесшіге» ғана сеніп, қаржылық шешім қабылдамаңыз.
Полиция азаматтарды қырағы болуға және өз қаражатының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Егер сізге күмәнді инвестициялық ұсыныс түссе, ақша аударуға асықпаңыз. Алаяқтық белгілері байқалған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.
Есте сақтаңыз: оңай әрі тез байып кетуді уәде ететін ұсыныстардың артында алаяқтар тұруы мүмкін. Қырағылық – қаржылық қауіпсіздіктің басты кепілі.
https://www.instagram.com/reel/DcG3MSqKie_/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-mangystau/press/news/details/1275899?lang=ru

Жауап қалдыру