
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің қолдауымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының «Қазақ тілін оқыту әдістемесінің ортақ жүйесі» тақырыбындағы бес күндік біліктілікті арттыру курсы өз жұмысын бастады.
Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтіп жатқан курстың мақсаты – қазақ тілін оқыту әдістемесін жүйелеу және тіл үйретудің деңгейлік жүйесіне қатысты ортақ ұстанымдарды қалыптастыру.
Іс-шараның ашылуында Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов сөз сөйлеп, қазақ тілін оқытудағы бірыңғай әдістемелік бағытты қалыптастырудың маңызына тоқталды.
Бес күндік оқу курсының алғашқы күнінде «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басқарма төрағасы Мақпал Жұмабай модераторлық етті. Ол өз сөзінде аталған курс тіл оқыту орталықтарының тәжірибесін өзара сабақтастыруға және мамандар арасында кәсіби пікір алмасуға арналған алаң екенін атап өтті.
Оқу курсының алғашқы күні Qazline.kz қазақ тілін үйрету платформасының негізін қалаушы, филология ғылымдарының магистрі Динара Еселбай бастапқы деңгейде тілдік құрылымдарды механикалық түрде жаттатудан гөрі, тілдік заңдылықтарды түсіндірудің, олардың өзара байланысын меңгертудің және алған білімді нақты коммуникативтік жағдаяттарда қолданудың әдістемелік жолдарын таныстырды.
Біліктілікті арттыру курсы алдағы күндері қазақ тілін В1-В2 және С1 деңгейлерінде оқытудың ерекшеліктері, тілдік дағдыларды дамыту, лексикалық және грамматикалық материалды меңгертудің тиімді жолдары, сондай-ақ коммуникативтік оқыту қағидаттарын оқу үдерісінде қолдану мәселелерін қамтиды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/language/press/news/details/1276171?lang=ru

Жауап қалдыру