
Облыс әкімдігінде 2026 жылдың 7 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму және бюджеттің орындалу қорытындылары қаралды. Өңір экономикасының барлық негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамика сақталуда.
7 айдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 109,8%-ды құрады. Бұл республикалық көрсеткіштен (104,9%) 4,9%-ға жоғары. Макроэкономикалық көрсеткіштердің өсу қарқыны бойынша Павлодар облысы ел бойынша 4 орынға тұрақтады.
Экономикалық нәтижеге негізгі үлесті өнеркәсіп саласы қосуда. 7 айда 2,5 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, физикалық көлем индексі 107,1%-ды құрады. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 10,7%-ға, сумен жабдықтау саласында 51,6%-ға, электрмен жабдықтауда 6,1%-ға жетті.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 646 млрд теңгеден асып, инвестициялардың физикалық көлем индексі 111,9%-ды құрады.
Басқа да салаларда оң динамика сақталуда. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 4,6%-ға өсіп, 145,1 млрд теңгені құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығындағы өсім 21,3%-ды, мал шаруашылығында 2,2%-ды құрады.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 234,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32%-ға артты. 179 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Физикалық көлем индексі – 102,2%.
Ішкі сауда саласында да айтарлықтай өсім тіркелді – 25,4%. Оның көлемі 1 305 млрд теңгені құрады. Көлік саласында көрсетілген қызметтер көлемі 6,1%-ға өсіп, 239,7 млрд теңгеге жетті.
Сонымен қатар баға жағдайы салыстырмалы түрде қолайлы деңгейде сақталуда. Жыл басынан бері облыстағы инфляция 4,7%-ды құрады. Бұл республикалық көрсеткіштен (5,7%) төмен.
Тамыз айында негізгі бағыттар бойынша оң динамиканың сақталуы болжанып отыр. Өнеркәсіп өндірісінің өсімі 104,4% деңгейінде күтіледі. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 106,2%, электрмен жабдықтауда – 104%. Ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі 5,3%-ға өседі деп болжануда. Инвестициялар көлемі шамамен 655 млрд теңгені құрайды деп күтілуде. Құрылыс саласында 9,4% өсім болжанып, 208,1 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Ішкі сауда көлемінің өсімі 15%, көлік және байланыс қызметтерінің өсімі 104,7% және 100% деңгейінде болжанып отыр.
– Ең бастысы – облыс бойынша жалпы оң динамиканы көріп қана қоймай, төмендеу байқалған әрбір көрсеткішке дер кезінде назар аудару. Макроэкономикалық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізуді жалғастырып, тәуекелдер бар бағыттар бойынша нақты шаралар қабылдау қажет, – деп атап өтті облыс әкімі Асайын Байханов.
Аумақтық бөліністе барлық негізгі индикаторлар бойынша оң динамика Павлодар қаласында, сондай-ақ Ақтоғай, Баянауыл, Железин, Шарбақты, Ертіс және Тереңкөл аудандарында қамтамасыз етілді.
Облыс әкімі қала және аудан әкімдеріне өсімді тежеп тұрған факторларды жою бойынша жұмысты күшейтіп, негізгі көрсеткіштердің оң динамикасын қамтамасыз етуді тапсырды.
Өңір бюджеті 99,9%-ға орындалды. 354,5 млрд теңге көлемінде жоспарланған облыстық бюджеттің шығыстары 354,3 млрд теңгеге игерілді. Қала және аудан бюджеттері 100%-ға орындалды.
Облыстық бюджеттің кіріс бөлігі бойынша 374,3 млрд теңге жоспарланғанымен, бюджетке 285,1 млрд теңге түсті немесе 76,2%. Бұл ретте өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда түсімдер көлемі 51,2 млрд теңгеге немесе 21,9%-ға өсті.
Сонымен қатар Павлодар облысының спортшыларын Жапонияда 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтетін XX жазғы Азия ойындарына дайындау мәселесі жеке қаралды. Қазіргі таңда өңірден спорттың 5 түрі бойынша 6 спортшы іріктелді. Бұдан бөлек, спорттың 8 түрінен тағы 14 спортшы қатысуға үміткер ретінде қарастырылуда. Қазір олар оқу-жаттығу жиындарынан өтіп, іріктеу жарыстарына қатысуда.
Облыс әкімі спортшылардың құрлықтағы басты додаға сапалы дайындалуы үшін барлық қажетті жағдайды қамтамасыз етуді тапсырды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1276151?lang=ru

Жауап қалдыру