Ақмолалық 5 мыңнан астам педагог тамыз конференциясына қатысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Көкшетау қаласында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен дәстүрлі Тамыз конференциясы өтті. Өңір тарихында алғаш рет «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбындағы іс-шара онлайн форматта 5 мыңнан астам қатысушыны біріктірді. Оның ішінде 60-қа жуық адам конференцияға офлайн форматта қатысты.

Конференция барысында жаңа Конституция құндылықтарын білім беру жүйесіне енгізу, «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын ықпалдастыру, «Таза Қазақстан» және «Заң және тәртіп» қағидаттарын іске асыру, білім сапасын арттыру, цифрландыру және адами капиталды дамыту мәселелері талқыланды.

«Мемлекет басшысы қоғамдағы педагогтің айрықша рөлін үнемі атап өтеді. Өйткені өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде педагог басты әрі шешуші фактор болып табылады. Жаңа Конституция мемлекетті дамытудың сапалы жаңа кезеңін айқындап, адами капиталды, білім мен ғылымды дамытуды стратегиялық бағыт ретінде алғаш рет бекітеді», – деді өңір басшысы құттықтау сөзінде.

Облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева өңірдің білім беру жүйесінің алдында тұрған жаңа міндеттерді атап өтті. Конференцияда білім беру жүйесінің педагогтері мен басшылары баяндама жасады. Ақмол ауылының мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Зейнел Едрес цифрлық құралдар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, педагогтердің кәсіби дамуы бойынша тәжірибесімен бөлісті.

Халықаралық тәжірибені Канаданың Olds College of Agriculture and Technology колледжінің вице-президенті таныстырды. Ол ақмолалық колледждермен ынтымақтастық туралы айтып, «2+2» оқыту моделін ұсынды. Бұл модельге сәйкес студенттер екі жыл Қазақстанда, кейін екі жыл Канадада білім алады.

Конференция қорытындысын шығара келе, облыс әкімі Марат Ахметжанов білім беру инфрақұрылымын дамытуға, оқулықтарды жаңартуға, инклюзивті білім беруді қолдауға, цифрландыруға және педагогтерге көмек көрсетуге бағытталған қомақты ресурстарға тоқталды.

«Бүгінде 5 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде, 10 мектепте ауқымды жаңғырту жұмыстары қолға алынған, мектеп кітапханалары жаңартылуда. Цифрландыру аясында білім беру ұйымдары жоғары жылдамдықты интернетпен және жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Цифрландыру тек техникалық құралдармен шектелмеуі керек, ол оқу мазмұнына тікелей әсер етуі қажет. Келесі кезең – осы мүмкіндіктерді нақты нәтижелерге айналдыру», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Конференция соңында 13 педагог Оқу-ағарту министрлігінің медальдарымен, төсбелгілерімен және Алғыс хаттарымен марапатталды. Қазақстанның олимпиадалық бағыттағы үздік 100 мектебінің қатарына енген төрт мектепке 5 млн теңгеден сертификат табысталды. Облыстық «Мектепке дейінгі үздік ұйым» және «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы» конкурстарының жеңімпаздары 10 млн теңгеден сертификатпен марапатталды.

Айта кетейік, жаңа оқу жылы 1 қыркүйекте 1270 білім беру ұйымында басталады. Өскелең ұрпаққа білім беретін педагогтердің саны 23,8 мыңнан асады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1276214?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді