
«Заң мен тәртіп»: полицейлер Жамбыл облысының тұрғындарымен көшпелі кездесулер өткізуді жалғастыруда
Жамбыл облысында «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында полиция қызметкерлері тұрғындармен көшпелі профилактикалық кездесулер өткізуді жалғастыруда.
Мұндай кездесулердің басты мақсаты – полиция көмегін халыққа барынша қолжетімді ету, азаматтардың өтініштерін жедел қарау және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Тұрғындарды қабылдау тікелей тұрғылықты жерлерде – көпқабатты үйлердің аулалары мен қоғамдық орындарда ұйымдастырылуда. Кездесулерге полицияның негізгі қызмет бағыттарының өкілдері қатысып, азаматтарға өз саласы бойынша кеңес береді.
Кездесуге келген әрбір тұрғын өзін толғандырған сұрақтарын қойып, құқықтық кеңес пен нақты мәселесі бойынша көмекке жүгіне алады. Жалпы кездесуге 100-ден астам тұрғын қатысты.
Азаматтар көтерген мәселелер әртүрлі. Атап айтқанда, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қатысты сұрақтардан бастап, нақты құқықтық мәселелерге дейін қамтылды. Әрбір өтініш бойынша полиция қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қажетті ұсынымдар берді. Қажет болған жағдайда мәселені қарастырудың одан арғы тәртібі айқындалды.
Бірқатар мәселе қабылдау барысында бірден шешімін тапты. Қосымша тексеруді немесе басқа қызметтердің қатысуын қажет ететін өтініштер бақылауға алынды.
Мұндай кездесулер полицияның халықпен тығыз байланыс орнатып, жергілікті жерлердегі мәселелерді дер кезінде анықтап, оларға жедел ден қоюына мүмкіндік береді. Тұрғындармен ашық диалог орнату – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және өңірде «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту бағытындағы маңызды жұмыстың бірі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhambyl/press/news/details/1276268?lang=ru

Жауап қалдыру