
15–16 тамыз күндері Атырау облысында Lotus Fest-2026 фестивалі өтті. Екі күнге созылған іс-шараға 40 мыңнан астам адам қатысты.
Фестивальдің негізгі мақсаты – Қиғаш өзені бойындағы бірегей лотос алқаптарын туристік бағыт ретінде таныту, өңірдің туристік әлеуетін арттыру, ішкі туризмді дамыту және жергілікті кәсіпкерлікті қолдау.
Фестиваль бағдарламасы аясында қонақтарға жәрмеңке, фотозоналар, фуд-корттар, сауда павильондары, қолөнер жәрмеңкесі және балаларға арналған ойын алаңдары ұсынылды. Екі күн ішінде 50 кәсіпкер өз өнімдері мен қызметтерін таныстырды.
Мәдени бағдарлама жергілікті әншілер мен жас өнерпаздардың, сондай-ақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтті. Фестиваль сахнасында Bytanat, Alham, Melomen, Turar, Ғаділбек Жанай, Zaman топтары, Нұрлан мен Мұрат және Еркебұлан Құмар өнер көрсетті. Іс-шара гала-концертпен қорытындыланды.
Фестиваль аясында Lotus Run марафоны да ұйымдастырылды. 3 шақырымдық қашықтыққа өткен жарысқа 94 адам қатысты. Қатысушылар арасында әртүрлі жастағы тұрғындармен қатар 82 жастағы қария да болды. Марафон табиғат аясындағы белсенді демалысты насихаттап, бұқаралық спортқа қызығушылықты арттыруға бағытталды.
Фестиваль қонақтарына Қиғаш өзенімен қайықпен серуендеп, табиғаттың сирек кездесетін көрінісі – қызғылт лотос гүлдерін тамашалауға мүмкіндік берілді. Лотос алқаптарын қыркүйек айының бірінші аптасына дейін тамашалауға болады.
Фестиваль Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі бекіткен 2026 жылғы республикалық туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген. Сонымен қатар, Lotus Fest-2026 Ұлттық оқиғалар күнтізбесінің негізгі іс-шараларының қатарында. Бұл фестивальдің еліміздің туристік әлеуетін танытудағы және өңірлік туризмді дамытудағы маңызын айқындайды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/1276438?lang=ru

Жауап қалдыру