
ТАЛДЫ АУЫЛЫНДА ЖАҢА МЕДИЦИНАЛЫҚ ПУНКТ АШЫЛДЫ
Кеген ауданының Талды ауылында тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беретін жаңа медициналық пункт пайдалануға берілді.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, мекеме және ұйым басшылары, ауыл ақсақалдары мен ардагерлер, аналар кеңесінің өкілдері, жастар, еріктілер және ауыл тұрғындары қатысты.
Медициналық пункттің ашылуы – Мемлекет басшысының халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру бағытындағы маңызды қадам.
Заманауи талаптарға сай салынған медициналық пунктте тұрғындарға алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетіліп, профилактикалық тексерулер жүргізіледі. Сондай-ақ аурулардың алдын алу, ана мен бала денсаулығын қорғау және шұғыл медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.
Жаңа нысанның іске қосылуы Талды ауылы тұрғындарының медициналық қызмет алу үшін алыс қашықтыққа қатынау қажеттілігін азайтып, медициналық көмектің сапасы мен тиімділігін арттыруға жол ашады.
Салтанатты шара барысында жаңа медициналық пункттің лентасы қиылып, құттықтау сөздер айтылды. Шара аудандық көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Талды ауылындағы жаңа медициналық пункт – ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтауға және медициналық көмекті халыққа барынша жақындатуға бағытталған маңызды әлеуметтік нысан.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-kegen/press/news/details/1276497?lang=kk

Жауап қалдыру