«Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы – ұзақ ғұмырдың негізі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

     Шымкентте аға буын өкілдерінің денсаулығын нығайтып, белсенді өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.

     Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Белсенді ұзақ өмір орталығы» КММ-нің 4 бөлімшесінде күн сайын 800-ге жуық зейнеткер түрлі қызмет түрлерімен қамтылады.

     Орталықта зейнеткерлердің денсаулығын жақсартуға және әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталған спорт, би, музыка, еңбек терапиясы, йога, тіл үйрену сабақтары ұйымдастырылған. Сонымен қатар, қызмет алушыларға фито шайлар ұсынылады.

     Орталыққа келген әрбір зейнеткер алдымен дәрігерлік тексеруден өтеді. Мамандар қан қысымы мен дене қызуын өлшеп, денсаулық жағдайына тұрақты бақылау жүргізеді. Осыдан кейін зейнеткерлер өздеріне қажетті бағыттар бойынша қызмет алады.

     Жүргізілген бақылау нәтижесінде бірқатар созылмалы аурулар бойынша оң динамика байқалған.

     Созылмалы бронхит: жағдайы жақсарғандар үлесі – 57,8%;
Артық салмақ: оң динамика 51,0%-ға жетті. 2025 жылы бұл көрсеткіш 31,0% болған. Яғни, бір жыл ішінде 20 пайыздық пунктке өскен;

     Артериялық гипертония: қызмет алушылардың 35,0%-ында денсаулық жағдайы жақсарған;

     Артрит: оң өзгеріс 35,7% деңгейінде.

     Әсіресе артық салмақ көрсеткішінің бір жыл ішінде 20 пайыздық пунктке жақсаруы – дене шынықтыру, йога, бассейн және дұрыс тамақтану бағыттарындағы кешенді жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.

     Бүгінде «Белсенді ұзақ өмір орталығы» зейнеткерлердің бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың денсаулығын нығайтуға, қоғам өміріне белсенді араласуына және сапалы өмір сүруіне мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік қолдау алаңына айналып отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-zhumys-aleumettik-korgau/press/news/details/1276944?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді