
Қарағанды қаласындағы дүкендердің бірі күріштің келісін 205 теңгеден сатып алып, оны тұтынушыларға 556 теңгеден сатқан. Яғни тауарға 160%-дық сауда үстемесі қосылған. ҚР СИМ Қарағанды облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мемлекеттік бақылауы барысында бұл жағдай анықталып, кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нәтижесінде күріштің бағасы 235 теңгеге дейін төмендетілді.
Бұл – Қарағанды облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына жүргізілген бақылау кезінде анықталған жағдайлардың бірі ғана.
Мәселен, қатты ірімшіктің сатып алу бағасы 3 353 теңге болғанымен, сауда желілеріне ол 5 517 теңгеден жеткізілген. Осылайша сауда үстемесі 64%-ды құраған. Тексеру нәтижесінде тауардың бағасы 3 855 теңгеге дейін төмендетіліп, айырмашылық 1 662 теңгені құрады.
Қара шай бойынша да айтарлықтай айырмашылық анықталды. Сатып алу бағасы 472 теңге болған өнім 1 079 теңгеден сатылған. Сауда үстемесі 130%-ға жеткен. Әкімшілік жауапкершілік қолданылғаннан кейін оның бағасы 496 теңгеге дейін төмендетіліп, 583 теңгеге арзандады.
Тауық фаршының бағасы да сәйкестендірілді. Әу баста кәсіпкер 1 655 теңгеге сатып алып, 45 пайызға дейін сауда үстемесін заңсыз арттырып, 2 400 теңгеден сатқан. Бақылау шараларынан кейін тауардың бағасы 1 903 теңгеге дейін төмендетілді.
Жыл басынан бері Қарағанды облысында сауда саласындағы заңнаманың сақталуына қатысты 170 кәсіпкерлік субъектісіне тексеру жүргізіліп, оның 155-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жауапкершілікке тартылғандардың қатарында сауда базарларында қызметін жүзеге асыратын 44 көтерме жеткізуші және 11 көтерме-бөлшек сауда дүкені бар. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,6%-ға көп. 2025 жылы осы кезеңде 111 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал биыл салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 4 млн теңгеден асты.
Бақылау шаралары барысында мәселе тек азық-түлікке белгіленетін сауда үстемесімен шектелген жоқ. Көтерме-бөлшек сауда базарларында сауда саласына қатысты 11 және салық заңнамасына қатысты 11 бұзушылық анықталды. Сонымен қатар санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары тарапынан 2 жедел әрекет ету шарасы қабылданды.
Тексеру кезінде бақылау-касса машиналарын қолдану, тауарларда баға белгілерінің болуы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті сауда үстемесін сақтау, сондай-ақ тамақ өнімдерін таңбалау және өткізу талаптары қаралды. Анықталған бұзушылықтар жойылып, заңнама талаптарына сәйкестік қамтамасыз етілді.
Жүргізілген бақылау нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатары бойынша баға төмендетілді. Бұл ретте департаменттің жұмысы тек анықталған бұзушылықтарды жоюмен шектелмейді.
Қарағанды облысында баға мониторингі, негізсіз делдалдық буындарды анықтау және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл бағыт Қарағанды облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің тұрақты бақылауында.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1276768?lang=ru

Жауап қалдыру