ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТАСЫМЕН ДЕ ТІЛДЕСКЕН…

Жарияланды:

Автор:

категорияда
ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТАСЫМЕН ДЕ ТІЛДЕСКЕН…
Сырым ауданына Қазақстан Жазушылар Одағының экспедициясы келді.
Осы ретте оқырманға Зейнолла Сәнікті таныстыра кетуді жөндік.
Зейнолла Мүбаракұлы Сәнік 1935 жылы Қытайдың Тарбағатай аймағында дүниеге келген. Пекин қаласындағы орталық жастар институтын бітіріп, еңбек жолын баспагерліктен бастаған. Үрімжідегі жастар баспасында жауапты редактор болып қырық жылдай қызмет атқарған.
Abai.kz сайтының жазуынша,
1955 жылдан бастап әдеби зерттеу жұмыстарын жаза бастаған. Сол уақытта Қытайда жүргізілген “мәдени төңкерістің” ауыр соққысына ұшырап, “халық жауы” болып, ауыр күндерді де өткерген.
Соған қарамастан, қаламгердің ғылыми еңбектерінен, роман, повестерінен құралған жиырмадан астам кітабы жарық көрген. Қазақстанда “Қаракерей Қабанбай”, “Хас батыр Қабанбай”, “Тұғырыл хан”, “Демежан батыр”, Халық күйшісі Қайрақбай”, “Баспай” атты кітаптары мен еңбектері жарияланған.
Қаламгер 2013 жылдың 26 қыркүйегінде өмірден озды.
Мәне, Жазушылар үйінен басталған
“ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ. ҚАЗАҚ ЭТНОГРАФИЯСЫ ЖӘНЕ ЭТНОГРАФ ЖАЗУШЫ ЗЕЙНОЛЛА СӘНІК – 90 ЖЫЛ” атты керуен бүгінгі күні Батыс Қазақстан аймағында жүр.
Кеше Оралдан Ақтөбеге асып бара жатқан делегация арнайы Жымпитыға аялдады. Қазақстан Жазушылары Одағы басқарма басшысының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов, белгілі жазушы, этнограф Зейнолла Сәніктің ұлы, “Зейнолла Сәнік” атындағы мәдениет қорының құрылтайшысы, ірі меценат, экспедицияның ұйымдастырушы-демеушісі Қанат Сәнік, ақын, “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты, “Зейнолла Сәнік” атындағы мәдениет қорының атқарушы директоры Серік Қалиев, мемлекет және қоғам қайраткері, ҚЖО Басқарма Төрағасының бас кеңесшісі, ақын Әміржан Қосанов секілді экспедиция мүшелерін Алашорданың батыстағы астанасына жазушы, “Орал өңірі” облыстық қоғамдық – саяси газетінің бас редакторы, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин бастап келді. Олар С. Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейімен танысып, кеше ашылған М. Қадыров атындағы оқу – ағарту залында аудандағы зиялы өкілдермен сұхбаттасты.
Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов Жазушылар Одағының өкілдері алдында Қадыр Мырза Әлидің шабытты шақтары, тұтас шығармашылық дәуірі өткен Алматы қаласынан ақынның атына мектеп беру мәселесін көтерді.
– Белгілі этнограф жазушы Зейнолла Сәніктің 90 жылдық мерейтойы аясында ұлттық рухты қолдап, ұлт тарихын жаңғыртуға бағытталған арнайы экспедиция – салт-дәстүр, әдет-ғұрып пен қазақ этнографиясын дәріптеп, жаңғырту жолындағы маңызды қадам болмақ.
Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкеновтің идеясымен жүзеге асқан бұл ауқымды жоба 31 наурыз күні Маңғыстаудағы киелі мекен – Шопан ата мен Бекет ата кесенелеріне зиярат етуден басталды.
Жер – жерде әр аймақтағы киелі жерлердің тарихын, салт-дәстүрін зерттеп жүрген этнограф-ғалымдар және зиялы қауымның қатысуымен мағыналы кездесулер өтуде. Экспедиция барысында жергілікті өлкетанушы, этнографтармен кездесіп, олардың жарияланбаған қолжазбаларын жинап, алдағы уақытта бірнеше том кітап шығару және айтқан әңгімелері мен жүргізілген сұхбаттар бойынша деректі фильм шығаруды жоспарлап отырмыз. – дейді Қасымхан Бегманов.
Иә, Зейнолла Сәнік – халықтың ұлы мұраларын: ауыз әдебиеті мен жер – сулардың атаулары мен тарихын жинақтаған, бір сөзбен айтқанда туған жердің тасымен де тілдескен жан.
Сәнік жолымен – халық жолымен жүрген
экспедиция мүшелері аудандық музейге сый – сияпат тапсырып, кейін Алаштың ағаш үйіне “сәлем берді”
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-syrym/press/news/details/972726?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді