
Астана, 2026 жылғы 20 тамыз – ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) және Түркі мемлекеттерінің парламенттік ассамблеясының (ТүркПА) Құрылтай депутаттарын сайлауын байқау жөніндегі миссияларын қабылдады.
Кездесу барысында тараптар алдағы сайлауды әзірлеу және өткізу, сондай-ақ халықаралық байқаушылардың қызметіне қатысты мәселелер бойынша пікір алмасты.
А.Исағалиев миссия өкілдерін халықаралық байқаушылардың қызметіне қажетті жағдайларды қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етіп, Қазақстанның ұлттық заңнама мен елдің халықаралық міндеттемелеріне сәйкес ашық әрі айқын сайлау процесін өткізуге бейілдігін атап өтті.
Халықаралық байқаушылар өз жұмысының негізгі бағыттары туралы ақпарат беріп, оның қызметін ұйымдастыруға көрсетілген қолдау үшін Қазақстан тарапына ризашылығын білдірді.
Тараптар ТМҰ және ТүркПА бағыты бойынша ынтымақтастық тетіктерін де талқылап, өзара қатынасты одан әрі нығайтуға мүдделілігін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1277719?lang=ru

Жауап қалдыру