Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – аса қауіпті вирустық инфекция, алғаш рет 1944 жылы Қырымда тіркелген. Кейіннен аурудың қоздырғышы Конго аймағынан табылғандықтан, инфекция «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы» атауын иеленді. Аурудың қоздырғышы – «Nairovirus» тұқымдасына жататын вирус, адамдарға негізінен кене шағуы арқылы, кейде вирус жұқтырған жануарлардан жұғады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) ресми деректеріне сүйенсек, ауру ошақтары Африкада, Балқан түбегінде, Таяу Шығыста, Азияда және Шығыс Еуропа елдерінде жиі кездеседі. ДДҰ мәліметіне сай, соңғы онжылдықта аурудың таралу аумағы кеңейіп, көп кездеспеген елде тіркелуде.
Қазақстанда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының эпидемиологиялық жағдайы жіті бақылауда. Соңғы жылдардағы деректерге сүйенсек, 2021 жылы ел бойынша 19 жағдай тіркелсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш екі есеге өсіп, 34 науқас анықталған. 2023 жылы жағдай одан да күрделеніп, 40 адам ауырған, оның 7-еуі қайтыс болды. Ал 2024 жылы індеттің таралуы бәсеңдеп, 24 жағдай тіркелді. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмен көрсеткіш.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының қаупі бар аймақтарда тұрғындардың сақтық шараларын орындауы – індеттің таралуын алдын алудағы басты кепілдік. Адамдардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы, сала мамандарының талабын орындауы ауруды дер кезінде тоқтатуға мүмкіндік береді.
Дәрігерлер жұртшылықты кенеге қарсы залалсыздандыру шараларына бейжай қарамауға және әр адамды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Уақытылы көрсетілген медициналық көмек пен дұрыс профилактика – бұл дерттің таралуына жол бермеудің басты кепілі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-taraz/press/news/details/972097?lang=kk

Жауап қалдыру