Абай облысында «Тірек мектебі: білім берудегі өзгерістерді басқару көшбасшысы» республикалық workshop өтті. Шараның мақсаты – ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыру, тірек және шағын жинақты мектептер арасындағы әдістемелік байланысты күшейту.
Гибридті форматта өткен workshop-қа еліміздің барлық өңірінен 220-ға жуық білім бөлімі басшылары, директор, әдіскер және пән мұғалімдері қатысты. Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген мамандар тәжірибе алмасып, білім берудегі өзекті мәселелерді талқылады.
Пленарлық отырыста ф.ғ.к., Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жетекші ғылыми қызметкері Алмагүл Мукушева тірек мектептердің стратегиялық маңызы мен кәсіби желілік қауымдастықтар құрудың өзектілігіне тоқталды. Шара барысында математика, физика, химия, биология және ағылшын тілі пәндерінен ашық сабақтар ұйымдастырылып, пән мұғалімдерінің өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар тірек және шағын жинақты мектептер арасындағы әдістемелік байланыс пен «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасының өңірлік тәжірибесі таныстырылып, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында оқу мен тәрбиені үйлестірудің тиімді жолдары, шағын мектептерге бейімделген тәсілдер ұсынылды. Workshop аясында «Толық адам» іліміндегі «Мерейлі ұстаз» бейнесі де талқыланды. Аталған ұғым негізінде жүзеге асып жатқан облыстық жоба – ұстаз тұлғасын жаңа қырынан тануға бағытталған.
Workshop Аягөз қаласындағы Қалалық көпбейінді қазақ мектеп-гимназиясында өтті. Бұл білім ордасы – биыл басталған «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасына енген екі тірек мектептің бірі. Екінші жартыжылдықтан бастап жобаға Бородулиха және Аягөз аудандары қосылды. Жалпы облыс бойыншп 41 тірек мектепке 130 шағын жинақты мектеп қамтылмақ.
#АбайОблысыБілімБасқармасы
@altynsarin_akademiasy
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ayagoz-roo/press/news/details/969977?lang=kk

Жауап қалдыру