Бүгін Түркістан қаласында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған жиын өтті. Іс-шараға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы және жергілікті құқық қорғау органдарының өкілдері, мемлекеттік мекемелердің басшылары, қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты.
Жиын барысында Түркістан облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі А. Сапарбеков нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Ол есірткі қылмыстарын анықтау және алдын алу шараларының тиімділігін арттыру мақсатында жүргізілген іс-шараларға тоқталды.
Жыл басынан бері Түркістан қаласы аумағында есірткі қылмысын анықтау көрсеткіші 12,5 пайызға жақсарды. Сонымен қатар, нашақор ретінде есепте тұрған 33 тұлғамен профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Жастарды салауатты өмір салтына баулу мақсатында түрлі спорттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. 2024 жылы есірткіге қарсы күрес аясында 97 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 22 485 адам қатысты. Ал жыл басынан бері 8 спорттық шара ұйымдастырылып, 1512 адам қамтылды.
Жиын қорытындысы бойынша нашақорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейту, есірткі қылмыстарымен күресті жандандыру және жастар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңейту жөнінде тапсырмалар берілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/967552?lang=kk

Жауап қалдыру