
Маңғыстау облысында медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған заманауи цифрлық шешімдер кезең-кезеңімен енгізілуде. Соның бірі – радиологиялық диагностикада жасанды интеллект технологияларын пайдалану.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай облыстық аурухана базасында жасанды интеллект технологиялары қолданылатын радиологиялық зерттеулердің ахуалдық орталығының жұмысымен танысты.
Жоба Мемлекет басшысының денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру, озық технологияларды енгізу және медициналық қызметтердің сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда өңірдегі 17 медициналық ұйымның радиологиялық жабдықтары бірыңғай PACS ақпараттық жүйесіне қосылған. Компьютерлік және магниттік-резонанстық томография, рентгенография, флюорография және маммография нәтижелері цифрлық форматта ахуалдық орталыққа жедел түрде жіберіледі.
Бұл облыстық деңгейдегі мамандарға аудандық және ауылдық медициналық ұйымдарда жүргізілген зерттеулерді қысқа мерзімде талдауға, қажет болған жағдайда қашықтан консультация өткізуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде шалғай елді мекен тұрғындарына білікті медициналық көмекті уақытылы көрсетуге жағдай жасалады.
Жасанды интеллект медициналық кескіндерді талдау кезінде дәрігерге қосымша құрал ретінде пайдаланылады және маманды алмастырмайды. Технология зерттеу нәтижелерін өңдеу үдерісін жеделдетіп, ықтимал өзгерістерге назар аударуға және диагностикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ахуалдық орталықтың жұмысымен танысқан облыс әкімі Президент тапсырмаларын сапалы орындау және денсаулық сақтау саласында цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану маңызды екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы денсаулық сақтау жүйесіне заманауи технологияларды енгізуге, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл міндеттерді өңірде нақты нәтиже беретін жобалар арқылы жүзеге асыруымыз қажет. Цифрлық шешімдер дәрігерді алмастырмауға тиіс, керісінше, оның кәсіби мүмкіндіктерін арттырып, диагностиканы неғұрлым жедел әрі дәл жүргізуге көмектесуі керек. Әсіресе шалғай елді мекен тұрғындарына білікті медициналық көмекті уақытылы көрсету үшін мұндай шешімдерді тиімді пайдалану маңызды, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Өңір басшысы ахуалдық орталықтың мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалануды, медициналық ұйымдар арасындағы өзара байланысты одан әрі жетілдіруді және цифрлық шешімдердің тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстарды пысықтауды тапсырды.
Маңғыстаудың денсаулық сақтау жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу – саланы цифрлық трансформациялаудағы маңызды практикалық қадам. Заманауи технологияларды пайдалану диагностиканы жеделдетуге, медициналық көмектің сапасын арттыруға және өңір тұрғындарының озық медициналық мүмкіндіктерге қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1277873?lang=ru

Жауап қалдыру