
Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Алмасай ауылында бүгін бірнеше отбасына көптен күткен қуанышты сәт туды. «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында бой көтерген үйлердің кілттері талай жыл баспана аңсаған көпбалалы аналарға берілді. Ауыл тұрғындарын баспанамен қамтуға бағытталған жүйелі жұмыстар нәтижесінде қоныс иелерінде жаңа өмір басталды.
Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосынов жаңа пәтерлердің кілттерін тұрғындарға салтанатты шарада табыстады. Жиынға ауыл тұрғындары, қоныс иелері және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Жаңа баспана – кез келген отбасы үшін ерекше қуаныш. Әсіресе, бала-шаға қамын ойлап, жылдар бойы өз үйін күтумен жүрген жандар үшін бұл күннің орны бөлек.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өткен болатын. Осы бағытта облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың қолдауымен ауылдардың инфрақұрылымын дамыту және халықты баспанамен қамту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2024-2026 жылдар аралығында «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында оффтейк-келісімшарттар бойынша 1 кент пен 10 ауылда 210 пәтер салынды. Атап айтқанда, 2024 жылы Герасимовка ауылында 88 пәтер салынып, оның 34-і көпбалалы отбасыларға, 54-і әлеуметтік осал топтарға берілді. 2025 жылы 24 көпбалалы отбасы және 36 әлеуметтік осал топ өкілі баспанамен қамтамасыз етілді. Биыл жалпы көлемі 4 850 шаршы метр болатын 62 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде 9 ауылда әлеуметтік осал топтарға арналған 28 пәтер және 10 ауылда көпбалалы отбасыларға арналған 34 пәтер қарастырылған, – деді аудан басшысы.
Бүгінде Ұлан ауданында тұрғын үй кезегінде 779 азамат тұр. Оның ішінде 167-сі – көпбалалы отбасы, 71-і – ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, 368-і – әлеуметтік осал топ өкілдері. Демек, ауыл тұрғындарын баспанамен қамту бағытындағы жұмыс әлі де маңызды.
Төрт ұл тәрбиелеп отырған көпбалалы ана Гүлнұр Әкімбаева фабрикада еңбек етеді. Айтуынша, тұрғын үй кезегіне тұрғанына екі жыл болған.
– Бүгін бір шаңыраққа ие болдым. Көпбалалы ана ретінде осындай үй беріп отырған облыс, аудан басшылығына алғыс айтамын. Жайлы, жақсы жерде орналасқан үйіміздің кілтін салтанатты түрде алдық. Екі жыл кезекте тұрдым. Осы уақыт ішінде үй ала қоямыз деп сенбеп едім, – дейді Гүлнұр Әкімбаева.
Ал жаңа үйлердің құрылысын жүргізген мердігер ұйымның өкілі Тілек Қоңыровтың айтуынша, Алмасай ауылында он пәтерлі бес үй бой көтерген. Әр пәтердің аумағы 70-тен 85 шаршы метрге дейін. Үйлер дәстүрлі үш құдықты пештермен жабдықталған.
– Құрылыс жұмыстарын былтыр маусым айында бастаған едік. Бір жылға жуық уақыт ішінде үйлерді аяқтап, бүгінде кілттерін құтты иелеріне табыстап отырмыз, – дейді ол.
Жаңа қонысқа жайғасқан тағы бір көпбалалы ана Нұрзипа Сағынбаева үшін де бұл күннің орны бөлек. «Күміс алқа» иегері жеті бала тәрбиелеген. Бір баласы мен немерелері қазір қолында. 64 жылдық еңбек өтілі бар ана Семей ядролық полигонының зардабын тартқан азаматша ретінде де мемлекет қамқорлығын сезініп отырғанын айтады.
– Қуанышты күнде баспаналы болып жатырмыз. Аудан басшылығы құрмет көрсетіп, салтанатты рәсімде үйдің кілтін табыстап, мерекелік бағдарлама ұйымдастырды. Үйдің жарығы мен суы тартылған, көңілімнен шығып жатыр, – дейді Нұрзипа Сағынбаева.
Қуанышты іс-шара Құрылтай депутаттарының сайлауы қарсаңында өтіп отыр. Ауылдағы қарапайым отбасылардың қоныс тойы мемлекеттің басты құндылығы адам және оның әл-ауқаты екенін еске салады.
Алмасайдағы жаңа үйлердің есігі ашылып, жаңа қоныс иелері алғашқы қадамдарын жасады. Оларға баспана кілтімен бірге тұрмысқа қажетті техникалар мен сый-сыяпаттар тарту етілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-sayasat/press/news/details/1278110?lang=ru

Жауап қалдыру