
Жетісу облысында 2026–2027 жаңа оқу жылына дайындық барысы комиссия отырысында жан-жақты талқыланды.
Отырысқа аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары, білім бөлімдерінің басшылары, тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Отырыста облыстағы білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы, білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мектептердің материалдық-техникалық жағдайы, санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы, сондай-ақ білім беру ұйымдарына іргелес аумақтардағы жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелері қаралды.
Білім басқармасының ақпаратына сәйкес, жаңа оқу жылында облыстағы оқушылар контингенті 131,5 мыңнан асады деп күтілуде. Оның ішінде 12,8 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа қабылданады. Өңірдегі білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығын қамтамасыз ету бағытында мектептер құрылысы, күрделі жөндеу, материалдық-техникалық базаны жаңарту, оқулықтармен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, отырыс барысында бірқатар проблемалық мәселелерге назар аударылды.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 маусым мен 1 шілде аралығында 312 білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде санитариялық талаптардың бұзылғаны анықталған. Сондай-ақ мектеп-интернаттар мен мектеп асханаларында да бірқатар кемшіліктер тіркелген.
Атап айтқанда, кейбір білім беру ұйымдарында ғимараттардың қабырғалары, едендері мен төбелерінің жағдайы, санитариялық тораптар, жарықтандыру, желдету, сумен жабдықтау, қоршаулар мен спорт алаңдары бойынша кемшіліктер бар екені анықталған. Өрт қауіпсіздігі бағытында да бірқатар мәселе көтерілді. 2026 жылы білім беру саласындағы 351 объектіге өрт-техникалық тексеру жүргізіліп, бұзушылық анықталған. Оның ішінде өрт дабылы жүйелерінің жұмыс істеуі, эвакуациялық шығу жолдары, электр желілерінің қауіпсіздігі және басқа да талаптарға қатысты кемшіліктер бар.
Жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселесі де комиссия мүшелерінің назарында болды. Облыс Полиция департаментінің жүргізген тексеру жұмыстары нәтижесінде 68 білім беру ұйымының маңынан кемшіліктер анықталған. Олар бойынша жол белгілерін орнату және ауыстыру, жол таңбаларын жаңарту, жасанды жол кедергілерін орнату, жаяу жүргіншілер өткелдерін ретке келтіру, жол жабындысын жөндеу және ағаштарды кесу қажеттілігі көрсетілген.
Комиссия отырысында депутаттар аталған мәселелерді жан-жақты талқылап, жауапты мемлекеттік органдардың назарын анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою қажеттігіне аударды.
Жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жаңа оқу жылы басталғанға дейін анықталған кемшіліктерді жою және білім беру ұйымдарының қауіпсіз әрі талапқа сай жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша тиісті ұсыныстар берілді.
Сондай-ақ, қабылданған шаралардың нәтижелілігін бағалау мақсатында депутаттар білім беру ұйымдарына мониторинг жүргізіп, анықталған кемшіліктердің жойылу барысын жергілікті жерлерде зерделейтін болады.
Комиссия отырысында қаралған мәселелер мен берілген ұсыныстар назарға алынды. Жауапты мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз ету және жаңа оқу жылын қауіпсіз әрі сапалы ұйымдастыру бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetisy-maslihat/press/news/details/1277541?lang=ru

Жауап қалдыру