
Мемлекет басшысының теміржол және вокзал инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Маңғыстау облысында «Маңғыстау» теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда нысанның құрылыс жұмыстары 85%-ға орындалды.
Бүгін, 21 тамызда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Мұнайлы ауданындағы «Маңғыстау» теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.
Өңір басшысына жобаның іске асырылу қарқыны, нысанның дайындық деңгейі және құрылыс жұмыстарын аяқтау мерзімдері туралы баяндалды.
Қайта жаңғырту нәтижесінде қолданыстағы вокзалдың орнына қауіпсіздік, жайлылық және қызмет көрсету сапасына қойылатын заманауи талаптарға сай жаңа жолаушылар кешені қалыптасады. Нысанның жалпы алаңы 11 еседен астам ұлғайып, 763,7 шаршы метрден 8 899 шаршы метрге дейін жетеді.
Жаңа вокзалда кең күту залдары, билет кассалары, жолаушыларға қызмет көрсету аймақтары, ана мен бала бөлмесі қарастырылады. Ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыруға да басымдық берілген.
Қазіргі уақытта нысанда шатыр жабу, қасбет пен ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар желдету, сумен жабдықтау және кәріз, электрмен жабдықтау, кабельдік желілер жүйелері тартылуда. Бақылау-өткізу режимі, күзет дабылы және байланыс жүйелерін монтаждау жұмыстары жалғасуда. Лифтілер, эскалатор және траволаторлар да орнатылуда.
Құрылыс жұмыстарына 192 адам және 16 арнайы техника жұмылдырылған. Нысанды пайдалануға беру 2026 жылдың қараша айына жоспарланған.
Облыс әкімі құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтап қана қоймай, нысанның сапасына қойылатын талаптарды қатаң сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл Маңғыстау үшін аса маңызды. Себебі өңірдің стратегиялық маңызы жоғары және Қазақстанның көлік-логистикалық жүйесіндегі рөлі артып келеді. Теміржол вокзалы – өңірдің көлік инфрақұрылымындағы маңызды нысандардың бірі. Жаңа вокзал заманауи талаптарға сай болып, Маңғыстау тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін, қолжетімділігін, жайлылығын және сапалы қызмет алуын қамтамасыз етуге тиіс. Жұмыс қарқынын сақтап, сапаны қатаң бақылауда ұстап, жобаны белгіленген мерзімде аяқтау қажет. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін жаңарған вокзал заманауи көлік нысанына айналып, өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға елеулі үлес қосатынына сенімдімін, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
«Маңғыстау» вокзалын жаңғырту – Қазақстанның теміржол инфрақұрылымын жаңарту бойынша жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстардың бір бөлігі. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында елімізде теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Маңғыстау облысында осы бағыттағы жұмыстар аясында «Шетпе» теміржол вокзалы жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар «Маңғыстау» және «Бейнеу» вокзалдарын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Теміржол инфрақұрылымын жаңарту жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттырып, халық үшін заманауи әрі қолжетімді жағдай жасауға және Маңғыстау облысының көлік-логистикалық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1278161?lang=ru

Жауап қалдыру