Бірлігі бекем, еңбегімен елге танылған – Қайрекеновтар отбасы Отбасы құндылығы – қай заманда да, қай елде де мемлекет саясатының темірқазығы, ардақ тұтар қазынасы.

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бірлігі бекем, еңбегімен елге танылған – Қайрекеновтар отбасы
Отбасы құндылығы – қай заманда да, қай елде де мемлекет саясатының темірқазығы, ардақ тұтар қазынасы. Халқымыз қашанда отбасын қасиетті құрылым ретінде қабылдап, зор маңыз, үлкен мән берген.
Бүгін Орал қаласындағы Достық үйінде отбасы құндылығын насихаттайтын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі қорытындыланды. «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңіне Қаратөбе ауданының атынан қатысқан Қайрекеновтар отбасы жүлделі І орынды иемденді. Ұлттық байқаудың облыстық кезеңінде жеңімпаз атанған қаратөбелік жанұя, республикалық кезеңге жолдама алып, 1 миллион теңгенің сертификатымен марапатталды.
Қайрекеновтар әулетінің шаңырағы 1983 жылы Қуанышқали мен Ақжанның отау құруымен қаланды. 40 жылдан астам уақыт бойы олар адал еңбек пен татулықты, сыйластық пен ұлттық тәрбиені басты өмірлік ұстаным етіп келеді.
Отағасы Қуанышқали Қайрекенұлы – қарапайым еңбек адамы. Ол өмірін ауыл шаруашылығына арнап, мал өсіріп, жылқы бағып, трактор айдап, шөп шауып, маңдай терімен отбасының берекесін қалыптастырған азамат. Балаларына еңбектің қадірін, адалдықты, жауапкершілікті және туған жерге деген сүйіспеншілікті бойына сіңіріп өсірді.
Отбасының ұйытқысы Ақжан Сағиқызы. Мейірімі мол ана, ардақты әже. Мәдениет саласында ұзақ жыл еңбек еткен. Бүгінгі таңда Аққозы ауылдық округінде Аналар кеңесінің мүшесі. Оның бастамасымен құрылған «Шамшырақ» әжелер ансамблі ұлттық өнерді, салт-дәстүрді дәріптеп, түрлі мәдени шаралардың көркін қыздырып келеді.
Бұл отбасы 5 перзент тәрбиелеп өсіріп, олардан 7 жиен мен 8 немеренің қызығын көріп отырған жанұя.
Балаларының барлығы жоғары білім алып, өз мамандықтары бойынша абыройлы еңбек етіп, ата-анасының тәрбиесін лайықты жалғастырып келеді.
Қарашаңырақтың түтінін кенже ұлы Нұрболат Қуанышқалиұлы мен келіні Аягөз түтетіп, ата-анасымен бірге бір шаңырақ астында өмір сүріп келеді. Нұрболат «Темірғали» шаруа қожалығының жетекшісі, әрі өрт сөндіру бөлімінің бастығы қызметін қатар атқарып келеді. Жұбайы Аягөз Аққозы мектеп-бөбекжай балабақша кешенінде әдіскер болып еңбек етіп келеді. 4 баланы тәрбиелеп отырған жанұя.
Қайрекеновтар әулетінің басты ерекшелігі – ұлттық құндылықтарды күнделікті өмірде сақтап, оны жас ұрпақтың бойына дарыта білуі. Олар ауылда тұрып, ата кәсіпті жалғастырып келеді. Мал бағып, сиыр сауып, өз қолдарымен құрт, май, ірімшік, айран, қаймақ секілді сүт өнімдерін дайындайды. Балалары мен немерелері осы тіршілікке жастайынан араласып, еңбектің қадірін, адал кәсіптің мәнін түсініп өсуде.
Әжесі немерелеріне домбыра тартуды, халық әндерін орындауды, ұлттық салт-дәстүрді, қазақы тәлім тәрбиені үйретсе, атасы балаларды атқа мінуге, жылқыны күтіп-баптауға, еңбекке баулиды.
Бұл шаңырақта тәрбие сөзбен емес, үлкендердің өз өмірімен көрсеткен өнегесі арқылы беріледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-karatobe/press/news/details/1277426?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді