
Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр ауылында балалар киімін өндіру ісі дамып келеді. Қазір жұмыс істеп тұрған «Rakhim baby» тігін цехының базасында жаңа фабрика салынуда. Кәсіпорынның іске қосылуы отандық өнім көлемін арттырып, қосымша тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Бүгін, 21 тамызда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «Rakhim baby» тігін цехының жұмысымен және жаңа фабриканың құрылыс барысымен танысты.
Кәсіпорын 2012 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінде жаңа туған нәрестелер мен балаларға арналған 200-ден астам өнім түрін шығарады. Өнімдер Ақтау қаласымен қатар, Атырау, Ақтөбе, Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Талдықорған, Семей, Павлодар, Қарағанды, Тараз, Орал және Көкшетау қалаларында да сұранысқа ие.
Жаңа фабрика 0,2 гектар аумақта салынуда. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін өндірістік қуаты жылына 1,2 млн өнімге жетеді.
Қазіргі таңда жер учаскесі дайындалып, құдық қазылған. Ғимараттың қабырғалары тұрғызылып, сылақ жұмыстары жүргізілуде. Келесі кезеңде шатыр жабу жұмыстары атқарылады. Нысанды 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Жобаны іске асыру нәтижесінде кәсіпорындағы жұмысшылар саны 80-нен 140 адамға дейін артып, 60 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.
Облыс әкімі жергілікті өндірісті дамыту нақты нәтижелермен – өнім көлемінің артуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы және кәсіпкерлер үшін мүмкіндіктердің кеңеюімен қатар жүруі тиіс екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы отандық өндірісті дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ерекше мән береді. «Rakhim baby» сияқты жобаларға қажетті қолдау көрсетілуге тиіс. Құрылыс жұмыстарын сапалы аяқтап, фабриканы белгіленген мерзімде іске қосу маңызды. Біздің міндетіміз – өңірде өндірілетін өнім көлемін арттыру, нарықтағы жергілікті тауарлардың үлесін кеңейту және тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын құру, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Сапар қорытындысы бойынша облыс әкімі жобаның іске асырылу барысын тұрақты бақылауда ұстауды және бейінді мемлекеттік органдармен бірлесіп, оны қаржыландыру мәселелерін пысықтауды тапсырды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1278183?lang=ru

Жауап қалдыру